Серікзат Дүйсенғазы: Домбыра – біздің ең қасиетті аспабымыз
Ұлттық домбыра күні – халқымыздың рухани болмысы мен мәдени мұрасын дәріптейтін ерекше мереке. Қазақтың қасиетті қара домбырасы – ұлттың тарихын, тағдырын, салт-дәстүрі мен өнерін ұрпақтан ұрпаққа жеткізген асыл мұра. Осыған орай ақын, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Серікзат Дүйсенғазы Ұлттық домбыра күнінің мән-маңызы туралы өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Серікзат Дүйсенғазының әлеуметтік желі парақшасына сілтеме жасап.
«Бүгінгі Ұлттық домбыра мерекесі құтты болсын! Бұл мерекенің қазақ халқы үшін, оның ішінде ұлттық өнерімізді, ұлттық аспабымызды құрметтейтін азаматтар үшін орны ерекше. Осы мереке белгіленгеннен бастап ұлттық қасиетті аспабымыздың мәртебесі артып, қанаты кеңейіп келе жатыр. Яғни, тек Қазақстанда ғана емес, шетелде де осы домбыраға қызығушылар, осы аспапты тартушылар көбейіп жатыр. Бұл домбыраның шанағынан төгілген күй, домбыраның үніне қосылып айтылған ән қазақ халқының жан дүниесін кеңейтетін, бүкіл әлемге мәртебесін асыратын өнер деп айтуға әбден болады. Сондықтан осы мерекемізді қастерлі мереке деп санаймын. Домбыра – біздің ең қасиетті аспабымыз. Домбыра мерекесі құтты болсын! Жас ұрпағымыз қазақша сөйлейтін, қазақтың әні мен күйін тыңдайтын ұрпақ болып қалыптассын деп тілеймін!», – деді Серікзат Дүйсенғазы.