Сенат және Мәжіліс төрағалары республикалық референдумда дауыс берді

Бүгін, 08:49
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Сенат және Мәжіліс төрағалары республикалық референдумда дауыс берді
Фото: Мәжіліс

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жаңа Конституция бойынша өтіп жатқан жалпыхалықтық референдумда дауыс берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Ол өз таңдауын Ұлттық кітапхана ғимаратында орналасқан дауыс беру учаскесінде жасады.

Осы орайда ол референдумның тарихи маңызына тоқталып, әрбір дауыс елдің болашақ даму бағытын айқындауда ерекше рөл атқаратынын атап өтті. Сондай-ақ бұл науқан азаматтардың мемлекеттік маңызы бар шешімдер қабылдауға тікелей қатысуына мүмкіндік беретінін айтты.

Сондай-ақ азаматтарды референдумға белсенді қатысып, ел тағдырына қатысты маңызды шешімге өз үлесін қосуға шақырды.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов та Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау жөніндегі республикалық референдумда дауыс беруге қатысты.

Мәжіліс спикері «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының ғимаратында орналасқан №128 учаскеде дауыс берді.

– Көңіл-күйім жақсы. Бүгін барша қазақстандықтар мерекелік көңіл-күйде деп ойлаймын. Бұл өте маңызды күн, қазақстандықтар жаңа Конституцияға қатысты таңдау жасауы тиіс. 15 наурыз еліміздің тарихында айрықша күн ретінде қалатынына сенімдімін. Өз басым таңдау жасадым. Барша қазақстандықтарды сайлау учаскелеріне барып, өздерінің азаматтық борышын орындауға шақырамын, – деді журналистердің сұрақтарына жауап берген Ерлан Қошанов.