Елордалық полицейлер Ішкі істер министрлігінің қоян-қолтық ұрыстан өткен чемпионатында жүлдегерлер қатарынан көрінді. Олар жеке есепте үш медаль жеңіп алып, жалпы командалық есепте үшінші орынға ие болды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы полиция департаментіне сілтеме жасап.
27-29 қазан аралығында Павлодар қаласында Ішкі істер министрлігінің қоян-қолтық ұрыстан чемпионаты өтті. Ел біріншілігінде 26 команданың өкілдері бақ сынады.
Астананың намысын Полиция департаментінің құрама командасы абыроймен қорғады. Тартысты жекпе-жектердің қорытындысы бойынша елордалық тәртіп сақшылары жалпы командалық есепте үшінші орынға ие болып, жоғары деңгейдегі физикалық дайындығын, жауынгерлік шеберлігі мен спорттық жігерін көрсетті.
Жеке есепте де елордалық спортшылар ерекше көзге түсті. 97 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Ерболат Берген чемпион атанып, алтын медаль иеленді. 80 келіге дейінгі салмақта Мейрам Мұқанбетқалиев команда қоржынына күміс жүлде салды. Ал 97 келіден жоғары ауыр салмақ дәрежесінде Темірлан Басақаев қола медаль жеңіп алды.
«Қоян-қолтық ұрыс – жай ғана спорт түрі емес. Ішкі істер органдарының қызметкерлері үшін бұл кәсіби даярлықтың маңызды бөлігі. Ол өзін-өзі қорғау дағдыларын жетілдіруге, рух күшін нығайтуға, тәртіп пен күрделі жағдайларда әрекет етуге дайындықты дамытуға мүмкіндік береді», - делінген хабарламада.
Чемпионат қорытындысы бойынша Астана қаласы Полиция департаментінің құрама командасы елорданың спорттық жетістіктер қоржынына үш медаль және жалпы командалық жүлделі орынды қосты.
Еске салсақ, елорда полицейлері халықаралық іздеуде жүрген ер адамды Шымкентте ұстады.