Шаңырақ күні: астаналық тігіншілер отбасы дәстүр мен еңбекті ұштастырып отыр
Бүгін – 17 наурыз, Наурызнама аясында аталып өтетін отбасы құндылықтарын, береке-бірлік пен ұрпақ сабақтастығын дәріптейтін Шаңырақ күні. Бұл ретте Elordainfo.kz оқырман назарына дәстүр мен еңбекті ұштастырған Астанадағы тігіншілер отбасының өнегелі өмір жолы туралы материалды ұсынады.
Әлемдегі ең үлкен құрақ көрпені тігіп, Global Book of Records (GBR) әлемдік рекордтар кітабына енген қазақ қолөнершілерінің қатарынан табылған ерлі-зайыпты Марат Жекенов пен Жеңісхан Бащибекова 2022 жылдан бері тігіншілікті отбасылық кәсіпке айналдырып келеді.

Алып көрпені тігуге қатысқан 660 шебердің төртеуі ғана ер адам болса, соның бірі – Астана тұрғыны Марат Жекенов. Тігін ісімен бірер жылдан бері әуестеніп жүрген ол 20 жылдан бері «Астана тазалық» кәсіпорнында жұмыс істейді. Ауыр техника жүргізеді. Оның зайыбы Жеңісқан Бащибекова «Аламан құрақ» жобасының Астана қаласы және Ақмола облысы бойынша көшбасшысы болып сайланған.

Бүгінде ерлі-зайыптылар бірге отырып, қыз жасауын тапсырыспен тігіп, ұлттық дәстүрге негізделген бұйымдарды дайындайды.
Қазақ халқы үшін қыз жасауын әзірлеу – тек тұрмыстық қажеттілік емес, ұрпаққа жалғасатын салт-дәстүрдің бір бөлігі. Жекеновтер отбасы осы дәстүрді заманауи үлгімен үйлестіріп келеді. Олардың қолынан шыққан құрақ көрпелер бүгінде талай шаңырақтың сәніне айналып тұр.
«2022 жылы әйелім Жеңісхан Алматыға барып, кәсіби шеберлерден тігін тігудің қыр-сырын үйреніп келді. Содан оған қосылып, бос уақытымда мен де тігінге әуестеніп, бірге тіге бастадық. 2023 жылы «Аламан құрақ» жобасының авторы Нұргүл Абайханның командасымен бірге алып құрақ көрпені тігетіндердің қатарына қосылдық. Рекорд орнаттық. Жұмыстағы әріптестеріме бұл іспен айналысатынымды айтуға ұялғанмын. Ер адамның тігін тігетінін қоғам қалай қабылдайды деп те ыңғайсызданғаным рас. Алайда әріптестерім мені теледидар мен әлеуметтік желілерден көріпті. Жұмыстан тыс уақытта немен айналысатынымды қазір айналамның бәрі біледі. Әріптестерім кейде көлік орындығына арналған көрпешелерге тапсырыс беріп тұрады. Өз киімдерімді де өзім қысқартып аламын», – деді Марат Жекенов.

Марат Жекенов 2027 жылы зейнетке шыққан соң, бірыңғай осы тігіншілікті кәсіп етпек. Қазақтың салтын сақтай отырып, дәстүрін дәріптеуге бір кісідей атсалысып жүрген отбасы үлкендердің батасы мен халықтың алғысын алуға тырысатындарын айтады.
«Мен бұған дейін де арасында іс тігіп тұратынмын. Кейін біртіндеп бұл кәсібімізге айналды. Тапсырыстар түсе бастады. Сұраныс болған соң, сапа да болуы керек. Сол үшін жұбайымның қолдауымен Алматыға барып, кәсіби маманның курсын оқып келдім. Кәсібімізді дөңгелете бастаған кезде, жұбайым менімен бірге базарға барып, материалдарды алысып, жүкті көтерісіп, көмектесіп жүрді. Тігін тігу кезінде де үлгере алмай, шаршап жүргеніме жаны ашып, іс тігуге де қолынан келгенше көмектесе бастады. Осылайша, біраз уақыттан кейін өзі де тігін шебері болып шыға келгенін байқамай қалдық. Кәсіпте отбасының қолдауы өте маңызды. Егер отбасы мүшелері бір-біріне қолдау көрсетсе, кәсіп те берекелі болады», – деді Жеңісхан Бащибекова.

Марат Жекенов пен Жеңісхан Бащибекованың шаңырақ көтергендеріне 30 жыл болған. Өнегелі отбасы үш ұл тәрбиелеп өсірген. Балалары түрлі салада қызмет атқарады. Бүгінде екі баласы отбасын құрған. Олардан бес немере көріп отыр.

Бұған дейін алып құрақ көрпе тіккен қазақстандық ісмерлер әлемдік рекордтар кітабына ресми түрде тіркелгенін жазған едік.