Қазақстандықтар биыл 1,5 млн-нан астам төлқұжат пен жеке куәлік алды
Төлқұжат пен жеке куәлік қазақстандықтар арасында ең көп сұранысқа ие құжаттардың қатарында, деп хабарлайды Elordainfo.kz «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына сілтеме жасап.
2026 жылдың алғашқы алты айында 1,5 млн-нан астам азамат осы құжаттарды рәсімдеген. Ал маусым айының өзінде 269 мыңнан астам құжат дайындалған.
Төлқұжатты азаматтар тіркелген мекенжайына қарамастан кез келген ХҚКО-да рәсімдей алады. 36 беттік төлқұжаттың құны – 34 600 теңге, 48 беттік нұсқасы – 51 900 теңге. Балаларға арналған төлқұжаттың құны 17 300 теңгені құрайды.
Жеке куәлік алғаш рет 16 жастан бастап беріледі. Құжатты алғашқы рет алу кезінде, сондай-ақ оның жарамдылық мерзімі аяқталған соң ауыстырғанда мемлекеттік баж алынбайды. Ал жеке куәлік жоғалған жағдайда мемлекеттік баж мөлшері 865 теңге.
Төлқұжат пен жеке куәлікті дайындау мерзімі 15 жұмыс күніне дейін созылады. Сонымен қатар азаматтарға құжаттарды жеделдетілген тәртіппен рәсімдеу мүмкіндігі ұсынылады.
Мамандар сапарға немесе маңызды іс-шараларға шығар алдында құжаттардың жарамдылық мерзімін алдын ала тексеріп, оларды ауыстыруды соңғы күндерге қалдырмауға кеңес береді.
Еске салсақ, елімізде цифрлық сервистерді пайдалану аясында азаматтарға 8,5 млн электронды медициналық анықтама берілді.