Қазақстандық ғалымдар онкологиялық аурулардың алдын алуға арналған жаңа қоспа әзірледі
Қазақстандық ғалымдар онкологиялық және жүрек-қан тамыры ауруларының алдын алуға бағытталған биологиялық белсенді қоспаның жаңа түрін әзірлеп жатыр. Жобаны Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтының мамандары жүзеге асырды, деп хабарлады Elordainfo.kz АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Зерттеудің басты мақсаты – отандық өсімдік шикізаты негізінде жоғары тиімді, қолжетімді және пайдалы өнім жасау. Әсіресе, соңғы жылдары функционалдық тағамдарға сұраныстың артуы бұл жобаның өзектілігін арттырып отыр.

Биологиялық белсенді қоспаның негізгі құрамдас бөлігі – күшті табиғи антиоксидант ликопин. Ол иммунитетті нығайтып, созылмалы аурулардың даму қаупін төмендетуге ықпал етеді. Ликопиннің жеткіліксіздігі ағзаның қорғаныс қабілетінің әлсіреуіне әсер етуі мүмкін.
Жоба аясында ғалымдар қызанақ пен қарбыздан арнайы ұнтақ алу технологиясын әзірледі. Заманауи лиофильді және инфрақызыл кептіру әдістері шикізаттың түсін, дәмін және пайдалы қасиеттерін сақтауға мүмкіндік береді.
Жаңа өнімнің құрамына ликопин, қызанақ ұнтағы, қарбыз ұнтағы, асқабақ дәнінің ұнтағы, мақсары майы кіреді. Бұл құрам ағзаның тәуліктік қажеттілігін қамтамасыз етіп, жоғары биожетімділік пен тиімді антиоксиданттық әсер береді.
Жобаның басты артықшылығы – толықтай отандық шикізатқа негізделуі. Бұл импортқа тәуелділікті азайтып, қайта өңдеу саласының дамуына және агроөнеркәсіп кешенінің өсуіне жаңа мүмкіндіктер ашады.
Бұған дейін қазақстандық ғалымдардың 150 мегаватт қуаты бар күн модульдері жобасы туралы жазған едік.