Қазақстанда газ тасымалдау жүйесі кеңейтіліп жатыр
Қостанай облысында астықты терең өңдеу, алюминий шығару, газ-химия кешені мен ыстық брикеттелген темір өндіру зауыттарын газбен қамту үшін «КС-14 жаңа компрессорлық станциясының құрылысы және «КС-14–Қостанай» магистральдық газ құбыры» жобасы іске асырылып жатыр. Жоба Катар инвесторымен бірлесіп жүзеге асылып жатыр. Орталық коммуникациялар қызметінде Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Сонымен қатар «Бейнеу–Бозой–Шымкент» магистральдық газ құбырының екінші желісінің бірінші кезеңі іске асырылып жатыр. Жыл соңына дейін ұзындығы 1 450 шақырым болатын және жылына 10 млрд текше метр газ тасымалдайтын желілік бөліктің құрылысы аяқталады деп жоспарланған. Ал 2027–2029 жылдары компрессорлық станциялар салынып, газ құбырының өткізу қабілеті жылына 15 млрд текше метрге дейін ұлғайтылады.
«Жоба оңтүстік өңірлерді қосымша газ көлемімен қамтамасыз етуге, жаңа өндірістерді дамытуға және жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Алматы және Жетісу облыстарын қосымша тауарлық газ көлемімен қамтамасыз ету мақсатында «Алматы–Талдықорған» магистральдық газ құбырының екінші желісін салу жобасы мемлекеттік сараптамадан өтуде», - деді вице-министрі.
Еске салсақ, былтыр 94 елдімекен табиғи газға қол жеткізді.