«Қару» операциясы: 500-ден астам заңбұзушылық анықталды
Ішкі істер министрлігі «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ел аумағанда «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Шараның негізгі мақсаты – тіркелген атыс қаруын пайдалану арқылы жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ, қарудың жоғалуы, ұрлануы және дұрыс сақталмауының жолын кесу.
Іс-шара барысында тұрғылықты мекенжайлар бойынша 48 мыңнан астам қару иесі тексерілді. Сонымен қатар, орталықтандырылған сақтау орындарында сақталған 3 мыңнан астам қару бірлігі тексерілді. Тексеру нәтижесінде қару айналымы мен тіркеу талаптарын бұзудың 515 дерегі анықталды. Олардың ішінде қаруды сақтау ережелерінің сақталмауы да тіркелген. Бұдан бөлек, заңсыз айналымнан 25 дана атыс қаруы тәркіленді.
Сонымен қатар, Алматы облысында 1944 жылы шығарылған «Наган» ойық ұңғылы тапаншасы тәркіленді. Аталған қару Жетісу облысында болған қарақшылық шабуыл кезінде ұрланғаны белгілі болды.
Бұдан бөлек, «Қылмыстық қару» есебінде тұрған және ішкі істер органдарының бақылауынан жалтарып жүрген 7 қару иесінің жүрген жері анықталды. Мысалы, Алматы қаласында тіркелген қару иесі Алматы облысындағы ауылдық округке көшкенімен, бір жылдан астам уақыт бойы қаруын қайта есепке қоймаған. Соның салдарынан ол әкімшілік жауапкершілікке тартылып, қаруы тәркіленді.
Ішкі істер министрлігі қару иелеріне қолданыстағы заң талаптарын қатаң сақтауды ескертіп, қаруды тіркеу, сақтау және қауіпсіз пайдалану тәртібін бұзбауға шақырды.
Еске салсақ, Жамбыл облысында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушылықтарға қарсы жүйелі жұмыстар жүруде.