Қайырымдылық күні – мейірімділік мерекесі
Елімізде Қайырымдылық күні көктем мерекесі — Наурыз мейрамы аясында 15 наурызда атап өтіледі. Бұл күн мұқтаж адамдарға көмек көрсетуге, үлкендерді құрметтеуге, қоғамда мейірімділік пен жанашырлықты арттыруға арналған. Бүгінгі күні елімізде әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған көптеген қорлар мен ұйымдар жұмыс істейді. Осы орайда біз елордалық бірқатар қордың жетекшілерін сөзге тарттық, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Олардың бірі — «Асыл жол мекені» қайырымдылық қоры. Бұл қор ауылдың жағдайын жақсарту, ауылдағы әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы, мұқтаж отбасыларға көмек көрсету бағытында жұмыс істейді. Қазіргі таңда қор өкілдері Астана маңындағы ауылдарда тұратын мұқтаж отбасыларға азық-түлік, мектеп сөмкесі, көмір және т.б. гуманитарлық қолдаулар көрсетіп жүр.
Қор директоры Ғазиз Бүркітұлының айтуынша, қайырымдылық жасау – ұлтымыздың қанында бар қасиет.
«Мен бала күнімнен қайырымдылық жасауға құштар болдым десем артық болмас. Себебі өзім де бала күнімде біраз қиындық көргенімді жасырмаймын. Қазіргі таңда біз кәсіпкерлерді ұйымдастырып, мұқтаж жандарға көмек көрсетуге тартып жүрміз. Жалпы, қандай жағдай болмасын, мұқтаж жандарға қайырымдылық жасау, оларға көмек қолын созу – әр адамның ізгі борышы деп ойлаймын», - деді ол.
Астанадағы «Мейірімді жандар» қоры да қоғамдағы осал топтарға көмек көрсетеді. Яғни қор мұқтаж отбасыларға азық-түлік, киім-кешек тарату, білім беру, денсаулық сақтау және балаларға көмек көрсету бағытында түрлі жобаларды іске асырып келеді.
Қор директоры Динара Ыдырысова қайырымдылық – қоғамдағы мейірім мен жанашырлықтың көрінісі екенін айтты.
«Мұқтаж жандарға қолдау көрсету арқылы біз адамдардың үмітін оятып, қоғамда бірлік пен бауырмалдықты нығайтамыз. Волонтерлік — жүрек қалауымен жасалатын игі іс, сондықтан әрбір жасалған жақсылық қоғамға жарық әкеледі. Қазақ халқы ешқашан жетімін жылатып, жесірін қаңғыртпаған халық. Қиындыққа тап болған жанды жалғыз қалдырмай, «жетім көрсең жебей жүр» деп қамқорлық көрсетуді ұрпаққа аманат еткен. Бұл – халқымыздың қанында бар мейірім мен бауырмалдықтың белгісі. Сондықтан қайырымдылық жасау – тек көмек беру емес, ата-бабадан қалған асыл дәстүрді жалғастыру», — деді қор директоры.
Қайырымдылық — қазақ халқының дәстүрлі мәдениетінде ежелден бар құндылық. Бұл туралы қазақы болмысты зерттеп жүрген алаштанушы, Әлихан Бөкейхан атындағы Алаш ғылыми-зерттеу институтының директоры Ұшқын Сәйдірахман айтты.
«Қазақ халқының болмысында ежелден бері қарапайымдылық пен жомарттық қатар жүрген қасиет. Дала мәдениетінде «асар», «садақа», «жылу жинау» сияқты дәстүрлер халықтың бір-біріне демеу болуын табиғи өмір салтына айналдырды. Алаш қайраткерлері де осы қасиетті ұлттың ең асыл мінезінің бірі деп бағалаған. Өйткені қарапайымдылық – адамды кішіпейіл етеді, ал кішіпейілділік қоғамда мейірім мен қайырымдылықтың көбеюіне жол ашады. Сондықтан қайырымдылық жасау қазақ үшін сырттан келген ұғым емес, ол халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани мәдениетінің жалғасы», - деді ол.
Сонымен қатар «Астана жастары» орталығы еріктілерінің де еңбегі зор. Олар түрлі әлеуметтік, экологиялық және мәдени жоба, акцияларға белсенді атсалысып келеді. «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы волонтерлік қозғалысты дамыту бөлімінің маманы Айзат Әли Астанада 50-ге жуық волонтерлік ұйым жұмыс істейтінін айтқан еді.
«Волонтер болуға көп жастар қызығушылық танытады, олардың себептері мен мақсаттары әртүрлі. Олардың кейбіреулері басқаларға көмектескісі келеді, ал кейбіреулері шетелдік жоғары оқу орындарына түсу үшін портфолиосын жақсартуға тырысады. Осы волонтерлердің бір бөлігі өз өмірлерін қызықты оқиғалармен әртараптандыру немесе жаңа достар табу мүмкіндігін көреді», - деді ол.
Жалпы, Қайырымдылық күні адамдарға жақсылық жасау, бірлік пен адамгершілікті нығайту керектігін еске салады. Себебі әрбір кішкентай көмектің өзі қоғамға үлкен пайда әкеледі.