Премьер-министр дербес деректерді қорғау саласындағы бақылау тетігін күшейтуді тапсырды
Бүгін өткен Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов жаңа Конституцияда дербес деректерді қорғауды бекітудің маңыздылығын атап өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Мемлекет басшысы дербес деректерді қорғау мәселесінің өзектілігін әрдайым атап өтеді, сондықтан тиісті нормалар Ата заңда бекітілді. Бұл цифрландыру мен жасанды интеллектіні белсенді енгізу кезінде айрықша маңызды. Жасанды интеллект министрлігі дербес деректерді қорғау саласындағы бақылау тетіктерін күшейтіп, тиісті заңнамалық түзетулерді жеделдетуі қажет», - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Еске сала кетсек, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласына ЖИ енгізу және цифрландыру бойынша жұмыс жалғасады. Негізгі жобалар қатарында Ұлттық бейнемониторинг жүйесі, аудандағы кезекші бөлімдерді техникалық жаңғырту, бейне аналитиканы қолдану, жол қауіпсіздігі және көші-қонды бақылау салаларын жетілдіру, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бар.