Астанада өткен халықаралық People&Projects Forum: Biomimetic & Management форумында мемлекеттік жобаларды басқаруға жасанды интеллектіні енгізу, есеп беруді автоматтандыру және жобалардың орындалуын бақылаудың жаңа тәсілдері талқыланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жыл сайын ұйымдастырылатын форумға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, бизнес пен академиялық қоғамдастықтың өкілдері қатысты.

Іс-шараны Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Astana IT University және «People&Projects» консалтингтік агенттігімен бірлесіп ұйымдастырды.
Форумның ашылуында Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бахтияр Мұхаметқалиев мемлекеттік басқаруда жобалық тәсілдерді дамытудың, мемлекеттік бастамалардың тиімділігін арттырудың және ЖИ технологияларын қолданудың маңызын атап өтті.
Табиғат қағидаттарын басқаруда қолдану
Форумның негізгі тақырыбы биомиметикалық тәсілдерге арналды. Бұл – табиғи және тірі жүйелердің жұмыс істеу қағидаттарын ұйымдар мен жобаларды басқаруда пайдалану әдісі.
Бірінші күні отандық және шетелдік сарапшылар табиғи жүйелерге тән бейімделу, өзара әрекеттесу, ресурстарды тиімді бөлу және тұрақтылықты сақтау тетіктерін талқылады.
Сондай-ақ коммуникация, жүйелі ойлау және тәуекелдерді басқару бағыттарындағы тәжірибелер таныстырылды. Форум аясында жобалық басқаруды дамытуға үлес қосқан мамандар мен ұйымдар «People&Projects Awards» марапаттарына ие болды.
Мемлекеттік жобаларды бақылауға ЖИ қолданылмақ
Форумның екінші күні цифрлық трансформация жағдайында жобалық басқаруды жетілдіруге арналды.
Қатысушылар жобалық офистердің жұмысын жақсарту, мониторинг пен талдауды цифрландыру, сондай-ақ мемлекеттік жобалардың орындалуын бақылауда жасанды интеллектіні пайдалану мәселелерін қарастырды.
Министрліктің мәліметінше, Қазақстанда жобалық басқарудың нормативтік базасын жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өзгерістер жобалық қызмет пен күнделікті процестік жұмыстарды ажыратуға, әкімшілік жүктемені азайтуға және жобалық офистердің тиімділігін арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар жобалық басқарудың цифрлық жүйесін бірқатар мемлекеттік ақпараттық жүйемен тестілік біріктіру жұмыстары жүргізілген.
Алдағы уақытта деректер алмасу мен жобалардың орындалуын бақылауды автоматтандыру жоспарланып отыр. Жасанды интеллект көрсеткіштерді талдау, жоспардан ауытқуларды анықтау, тәуекелдерді болжау және басқарушылық шешімдер қабылдауға көмектесу үшін қолданылмақ.
Бұл мемлекеттік органдардағы қолмен есеп беру көлемін азайтып, жобаларды басқарудың нәтижеге бағдарланған моделіне көшуге мүмкіндік береді.
Форумда орталық мемлекеттік органдар мен өңірлік жобалық офистердің өкілдері тәжірибе алмасты. Сондай-ақ халықаралық сарапшылар PMI, IPMA, ISO және Prosci стандарттары мен әдіснамаларын мемлекеттік секторда, бизнесте және білім беру саласында қолдану тәжірибесін таныстырды.
Іс-шара аясында жобалық басқаруда жоғары нәтижелерге қол жеткізген орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың жобалық офистері Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің алғыс хаттарымен марапатталды.

Бұған дейін Астана мен Алматы әуежайлары ерекше жолаушыларға қызмет көрсету тәжірибесін таныстырғанын хабарлаған едік.