Отасқанына 60 жылдан асқан ерлі-зайыпты өз таңдауын жасады
Алматы ауданындағы №52 сайлау учаскесінде 60 жылдан астам уақыт бірге өмір сүріп келе жатқан 80 жастағы ерлі-зайыптылар Жұмағалиевтер дауыс берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Ақ жаулықты ана мен ақсақал бұл қадамды елдің болашағына бейжай қарамайтын азаматтық ұстанымның белгісі деп санайды. Көп жыл бірге ғұмыр кешкен жұбайлар үшін бұл мемлекет алдындағы парызды орындаудың маңызды сәті.
«Бүгінгі референдум Рамазан айымен әрі Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келіп отыр. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Балаларымыздың жарқын болашағы үшін бұл маңызды қадам», - деді Рысбай Жұмағалиұлы.

Жұбайлардың айтуынша, сайлауға қатысу әрбір азамат үшін маңызды, өйткені бұл елдің дамуы мен қоғамдағы өзгерістерге өз үлесін қосу мүмкіндігі. Олар жастарға да өз таңдауын жасауға, белсенді болуға шақырды.
Елордадағы сайлау учаскелері ашылған алғашқы минуттардан бастап-ақ азаматтар белсенділік танытып, өз таңдауын жасады. Жас ұрпақтан бастап, егде жастағы тұрғындарға дейін барлық азаматтар ел болашағына жауапкершілікпен қарап, сайлау учаскесіне ағылып келіп жатыр.