Олжас Бектенов зиянкестерге қарсы қорғаныс шараларын күшейтуді тапсырды
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов шегірткенің таралу қаупіне байланысты мониторинг жүргізіп, алдын алу шараларын күшейту қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Шегірткенің таралу қаупін ескере отырып, Ауыл шаруашылығы министрлігі өңір әкімдерімен бірге жағдайға тұрақты мониторинг жүргізіп, зиянкестерге қарсы профилактикалық және қорғаныс шараларын қабылдасын.
Олардың таралу болжамын қайта қарап, шұғыл әрекет ету үшін ведомствоаралық үйлестіруді күшейту қажет», - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-министр Ауыл шаруашылығы министрлігі басшылығының назарын Қазақстанда және көрші елдерде шегірткенің таралуына байланысты қалыптасқан ахуалға аударды.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов биыл көршілес мемлекеттерде шегіртке зиянкестерінің шамамен 1,2 млн гектар аумаққа таралуы болжанып отырғанын баяндады. Шекара маңындағы аумақтарында тұрақты мониторинг жүргізіліп жатыр, зиянкестердің ұшып келу қаупі туындаған жағдайда химиялық өңдеу жүргізу үшін қосымша техниканы тарту көзделген. Жалпы республика бойынша 2,2 млн гектар ауыл шаруашылығы жерлерін өңдеу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта жұмыс басталып, қажетті техника, мамандар мен препараттар дайындалды.
«Мұнда ең бастысы – уақытты жіберіп алмау. Техника да, химиялық заттар да бар, барлық жұмысты дер кезінде жүргізу қажет», - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Еске сала кетсек, елімізде шегірткеге қарсы күреске 100-ден астам агродрон жұмылдырылады.