Олжас Бектенов: Ұлттық жоба аясында энергетикалық инфрақұрылым жаңғыртылып жатыр
Президент тапсырмалары аясында елімізде энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту және желілердің тозуын азайту шараларын жүзеге асыру жалғасуда, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл электр стансалары мен коммуналдық шаруашылықты жаңартуға қомақты инвестиция тарту көзделген. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов атап өтті.
«Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында энергетикалық инфрақұрылымды және коммуналдық шаруашылықты жаңғырту міндетін қойды.
«Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында биыл электр стансаларын жөндеу және жаңғырту жұмыстарына шамамен 384 млрд теңге қаралған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 9%-ға көп.
Сондай-ақ еліміздің энергетикалық инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба қарқынды жүзеге асырылып жатыр.
Тек биылдың өзінде 130 шақырым жылу желілері мен 10,5 мың шақырым электр желілерін жаңғырту жоспарланған.
Аталған шаралар желілердің тозу деңгейін тиісінше 48 және 62%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті Премьер-министр.