Олжас Бектенов: IT-қызметтердің экспорты бір жылда 60%-ға өсіп, $1,1 млрд-тан асты

Олжас Бектенов: IT-қызметтердің экспорты бір жылда 60%-ға өсіп, $1,1 млрд-тан асты
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Парламент палаталарының бірлескен отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының отандық IT-бизнес мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі тапсырмаларының орындалуы аясында цифрлық экономиканы дамыту және қазақстандық IT-қызметтер экспортын арттыру мәселесіне қатысты қойылған депутат сауалына жауап берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Осы бағытта Цифрлық кодекс, «Жасанды интеллект туралы» заң қабылданып, цифрлық трансформациялау мен жасанды интеллектіні дамытуға арналған Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясы бекітілді.

«IT экспортын айтатын болсақ, бұл экономикамыздың өте маңызды бөлігі. 2025 жылы IT экспортының көлемі $1,1 млрд-қа жетті. Бұл жақсы нәтиже деп айтуға болады. Мысалы өткен жылдармен салыстыратын болсақ, 2024 жылы бұл көрсеткіш $690 млн болды. Яғни, бір жылдың ішінде 60%-ға өсті», - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің деректері бойынша, Қазақстандық IT-компаниялар жаһандық нарықта табысты бәсекеге түсіп, елімізге валюталық түсім әкеліп қана қоймай, жоғары жалақы төленетін жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етуде. Мұндай нәтижелер цифрлық экономиканы дамыту, технологиялық кәсіпкерлік үшін қолайлы орта қалыптастыру және білікті кадрлар даярлауға бағытталған орнықты мемлекеттік саясаттың арқасында мүмкін болды.

Үкімет цифрлық экономиканы дамыту, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, жасанды интеллект саласында кадрлар даярлау және отандық IT-индустрияның одан әрі өсуі үшін қолайлы жағдай жасауын жалғастырады.

Еске салсақ, бірлескен отырыста Қаржы министрі Мәди Такиев 2025 жылдың қорытындысы бойынша экономика 6,5%-ға өскенін мәлім етті.