Референдум-2026

Мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң: негізгі жаңашылдық – сервистік және азаматтарға бағдарланған модель

Мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң: негізгі жаңашылдық – сервистік және азаматтарға бағдарланған модель
Фото: Оңалхан Өнерхан

Бүгінде мемлекет пен қоғам арасындағы сенімге негізделген мемлекеттік басқарудың «адамға бағдарланған» моделін қалыптастыру үрдісі мемлекеттік міндеттерді қоғам күтетін талап-тілектерге сәйкес жүзеге асыруға қажет негізгі құндылықтар мен қағидаттарды қайта қарауды өзектендірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментіне сілтеме жасап.

Еліміздегі мемлекеттік басқарудың жаңа мәдениеті «ең алдымен адамдар» қағидатына негізделеді. Мұндағы басымдықтың бірі – мемлекеттік қызметтің барынша үйлесімді үлгісіне көшу. Осы бағытта Мемлекет басшысы қол қойған «ҚР мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заң мемлекеттік қызмет жүйесін заман талабына сай жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам болып отыр. Заң Қазақстан Республикасының 2024–2029 жылдарға арналған мемлекеттік қызметті дамыту тұжырымдамасын іске асыру аясында әзірленген. 

Жаңа заңның негізгі жаңашылдықтарының бірі – мемлекеттік қызметтің сервистік және азаматтарға бағдарланған моделіне көшу. Бұл мемлекеттік қызметшілердің халықпен өзара қарым-қатынасын жетілдіріп, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің адалдығы мен әдептілігіне қойылатын талаптар күшейтіліп, мінсіз бедел институтын енгізу көзделген. Бұл мемлекеттік қызметтің беделін арттырып, қоғамның мемлекеттік аппаратқа деген сенімін нығайтуға бағытталған.

Жас әрі талантты мамандарды мемлекеттік қызметке тарту мақсатында мемлекеттік қызметке кіруге даярлау институты енгізілмек. Бұл жастардың қажетті білім мен құзыреттерді меңгеріп, кәсіби тұрғыдан мемлекеттік қызметке дайындалуына мүмкіндік береді.

Маңызды жаңашылдықтың бірі – мемлекеттік қызметке іріктеу процесін толық цифрлық форматқа көшіру. Кандидаттарды іріктеу «Е-қызмет» интеграцияланған ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылып, бұл конкурстық рәсімдердің ашықтығы мен объективтілігін арттыруға мүмкіндік береді. 
Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби дамуы мен мансаптық өсуіне жағдай жасауға бағытталған көлденең ілгерілету тетігі енгізіледі. Бұл тәжірибелі әрі білікті мамандардың әлеуетін тиімді пайдалануға және олардың кәсіби жетістіктерін ынталандыруға жол ашады.

Жалпы, жаңа заң мемлекеттік қызметті кәсіби, ашық, тиімді әрі халыққа бағдарланған жүйеге айналдыруға бағытталған. Оның негізгі мақсаты – мемлекеттік аппараттың сапасын арттырып қана қоймай, азаматтардың мемлекетке деген сенімін нығайту. Бұл – мемлекеттік қызметті жаңа сапалық деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам.