Меккеге апарам деп алдаған: алаяқтыққа қатысты 13 дерек тергеліп жатыр

19 наурыз, 2026
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Меккеге апарам деп алдаған: алаяқтыққа қатысты 13 дерек тергеліп жатыр
фото: Оңалхан Өнерхан

Астанада туристік компанияда жұмыс істеген 27 жастағы ер адамға қатысты алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Өзін туристік компания қызметкері ретінде таныстырған ер адам қажылық сапарды ұйымдастыруды уәде етіп, азаматтардан миллиондаған теңге жинап алған. Алайда уәде орындалмай, жәбірленушілер саны артып отыр.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, күдікті азаматтарға Мекке қаласына қажылық сапарын ұйымдастырып беремін деп уәде берген. Ол жолдама, виза рәсімдеу және әуе билеттерін алып беру қызметтерін сылтау етіп, жәбірленушілерден алдын ала ақша алған. Алайда уәде етілген қызмет орындалмаған.

«Қазіргі уақытта 13 эпизод анықталды. Келтірілген жалпы материалдық шығын көлемі 2,2 млн теңгені құрайды. Тергеу барысында жәбірленушілер саны артуы мүмкін екені жоққа шығарылмайды», - делінген хабарламада. 

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдіктінің өзге де осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде 40 адамға жалған медициналық анықтама жасаған медбике ұсталғаны туралы жаздық.