Маңғыстау облысында салонында 50 адам болған автобус жол апатына ұшырап, салдарынан төрт адам қаза тапты. Тағы үш адам зардап шеккен, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«16 қаңтарда шамамен сағат 01:03-те KZ-11 «Доссор – Құлсары – Бейнеу – Сайөтес – Шетпе – Жетібай – Ақтау» автомобиль жолының 383-ші шақырымында Yutong маркалы жолаушылар автобусының қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды. Автобус 2025 жылдың 19 желтоқсанында техникалық байқаудан өткен және CASPIAN TRANS CORPORATION LLC компаниясында тіркелген», - делінген Көлік министрлігінің хабарламасында.
Алдын ала мәлімет бойынша, Ақтау қаласынан Бейнеу ауылы бағытына шыққан автокөлік жүргізушісі рульді басқара алмай, көлік аударылып кеткен.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан 4 адам оқиға орнында қаза тапты. 42 жолаушы түрлі дене жарақаттарын алып, олардың 17-сі ауруханаға жатқызылды, қалғандары амбулаториялық ем алуға жіберілді.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Автобус жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды», - делінген хабарламада.
Аталған жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша Маңғыстау облысы Полиция департаменті барлық мән-жайларды анықтауға бағытталған қажетті тергеу шараларын жүргізуде.
Бұған дейін еGov көлік нөмірін онлайн таңдауға болатын сервисті іске қосқанын жаздық.