ЕGov көлік нөмірін онлайн таңдауға болатын сервисті іске қосты
8 қаңтарда eGov.kz порталы және eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісіне тапсырыс беру қызметі пилоттық режимде іске қосылды, деп хабарлады Elordainfo.kz Қазақстанның электронды үкіметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алғашқы екі күнде 113 мыңнан астам өтініш берілген болса, 15 қаңтарға қарай олардың жалпы саны 226 мыңнан асты.
eGov қосымшасында мемлекеттік нөмірді онлайн алу қызметі іске қосылғанымен, пайдаланушылар бірқатар қиындыққа тап болды. Қызмет ақысын төлегеннен кейін нөмір иесіне бекітілмей, қосымшада әлі де қолжетімді күйде қалған.
«Бұл мәселені шешу үшін өтінімді қайта тапсыру қажет. Үшінші кезеңде «Бұрын төленген» тармағын таңдап, банк атауы мен төлем жасалған күнді көрсету керек. Процесс аяқталған соң нөмір пайдаланушыға бекітіліп, басқа өтінім берушілер үшін қолжетімсіз болады», - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұдан бұрын Назарбаев зияткерлік мектептеріне құжаттарды онлайн тапсыруға болатыны туралы хабарладық.