Мал жолға шығып, жүк көлігімен соқтығысты: оқиға ЖИ-камераға түсті

Мал жолға шығып, жүк көлігімен соқтығысты: оқиға ЖИ-камераға түсті
Фото: видеодан скрин

Түнгі уақытта автомобиль жолына шыққан ірі қара мал жүк көлігімен соқтығысты. Жол-көлік оқиғасын жасанды интеллект элементтері бар бейнебақылау камерасы тіркеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиға республикалық маңызы бар автомобиль жолында болған. Түнде мал белгіленбеген жерден жолдың жүру бөлігіне шыққан. Тасжолмен келе жатқан жүк көлігі жануармен соқтығысқан.

Жасанды интеллект элементтері бар камера жол-көлік оқиғасын жедел анықтап, ақпаратты операторларға жеткізген. Оқиға орнына жол қызметтері жіберілген.

«ҚазАвтоЖол» мәліметінше, республикалық маңызы бар жолдардың ықтимал қауіпті учаскелерінде малдың тасжолға шығуына жол бермеу үшін қорғаныш торлы қоршаулар орнатылады. Алайда кейбір мал иелерінің төрт түлігін қараусыз қалдыруы, сондай-ақ жол қоршауларын бүлдіру және жекелеген элементтерін ұрлау жағдайлары мәселені өзекті етіп отыр.

Компания ауыл шаруашылығы жануарларының иелерін малды қараусыз қалдырмауға және оның автомобиль жолына шығуына жол бермеуге шақырды.

«ҚазАвтоЖол» өкілдері түнгі уақытта жүргізуші жолға шыққан малды соқтығысуға санаулы секунд қалғанда ғана байқауы мүмкін екенін ескертті. Мұндай жағдай адам өміріне қауіп төндіреді.

Сонымен қатар жол қоршауын ұрлау немесе бүлдіру тек мүлікке залал келтіру емес. Қоршаудың ашық қалған бөлігі арқылы мал тасжолға шығып, ауыр жол-көлік оқиғасына себеп болуы мүмкін.

Жүргізушілерге «Мал айдау» және «Жабайы жануарлар» жол белгілері орнатылған учаскелерде жылдамдықты төмендетіп, әсіресе түнгі уақытта сақтықты күшейту ұсынылды.

«Мал қараусыз қалмауы керек. Ал жол қоршауы өз орнында тұруы тиіс», – деді ведомстводан.

Бұған дейін ЖИ-камера Астана – Қарағанды тасжолындағы адам өліміне әкелген жол апатын тіркегені хабарланған еді.