Негізгі астықты өңірлерде ылғал қоры жеткілікті - Ерлан Нысанбаев
Қолайлы ауа-райы жағдайлары және негізгі астық егетін аймақтардағы топырақтың жеткілікті ылғалдылығы егіс науқанын жүргізу үшін оң әсерін тигізіп отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оның айтуынша, негізгі астық егетін өңірлер — Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында топырақтың метрлік қабатында ылғал қорының оңтайлы деңгейі тіркелген. Ал Ақтөбе, Павлодар және Қарағанды облыстарындағы жағдай қанағаттанарлық деңгейде бағалануда.
«Жалпы мамыр айында ауа райы егін егу жұмыстарын жүргізуге қолайлы болады. Орталық және оңтүстік-батыс аймақтарды қоспағанда, елдің көп бөлігінде жауын-шашын нормаға жақын болады деп күтілуде. Маусым мен шілде айында ел аумағының басым бөлігінде температура нормадан 1-2 градусқа жоғары болады деп болжануда. Шілде айында еліміздің шығыс өңірлерінде жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болады деп күтілуде. Ал батыс аймақтарда жауын-шашын көлемі орташа көрсеткіштен төмен болуы мүмкін. Сонымен қатар Ақтөбе және Жамбыл облыстарының жекелеген аудандарында жергілікті құрғақшылық белгілері байқалуы ықтимал», - деді министр.
Еске салсақ, Үкімет отырысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов су ресурстарын реттеу бойынша қабылданып жатқан шараларды баяндады.