Қазақстанда пастерленген түйе сүтіне арналған ұлттық стандарт бекітілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.
Стандарт өнімге қойылатын бірыңғай талаптарды белгілеп, отандық кәсіпорындардың өнім түрлерін кеңейтуіне және экспортты дамытуына бағытталған. Құжат 1 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі.
«Пастерленген түйе сүті. Техникалық шарттар» деп аталатын ҚР СТ 4050-2026 стандарт Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының 2026 жылғы 11 қыркүйектегі № 41-НҚ бұйрығымен бекітілді. Құжатты 2026 жылға арналған Ұлттық стандарттау жоспары аясында «ҚазСтандарт» РМК әзірледі. Өтінім беруші — «Антиген» ғылыми-өндірістік компаниясы» ЖШС.
Қазақстанда түйе сүті дәстүрлі түрде шұбат пен қымыран сияқты ашытылған сүт сусындарын дайындау үшін қолданылады. Соңғы 15–20 жылда оған деген әлемдік қызығушылық артып, одан өндірілетін өнім түрлері көбейді.
Түйе сүтінен балмұздақ пен конфитюр өндіріледі. Сондай-ақ ол кофеге қосылады. Мысалы, капучиноның бір түрі — камелчино дайындау үшін пайдаланылады. Оған пастерленген түйе сүті қосылады.
«Жаңа стандарт өнімнің сапасы мен қауіпсіздігіне, таңбалануына, қапталуына, тасымалдануына және сақталуына қойылатын талаптарды белгілейді. Сонымен қатар құжатта ортақ терминология, өнімдерді жіктеу және олардың сипаттамаларын бағалауға арналған көрсеткіштер айқындалған.
Стандартты қолдану өндірушілерге ішкі және сыртқы нарықтарға арналған өнім түрлерін кеңейтуге мүмкіндік береді. Экспортты дамытудың перспективалы бағыттары ретінде Еуразиялық экономикалық одақ елдері, Қытай және Таяу Шығыс мемлекеттері қарастырылып отыр», делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, Маңғыстауда өткен «Үздік шұбат» байқауында Жаңаөзен қаласының «Бірлік» шаруа қожалығы жеңімпаз атанып, көлік ұтып алды.