Ербол Жолданғар: Жаңа заң – мемлекеттік қызметтің жаңа кезеңі
Мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігі ең алдымен кәсіби, ашық және жауапты мемлекеттік қызметке байланысты. Қазіргі таңда қоғамның сұранысы да өзгеріп, мемлекеттік қызметтен жаңа көзқарас, жедел шешім қабылдау және азаматтардың мүддесіне бағдарланған жұмыс талап етіледі. Осыған орай, биыл қолданысқа енгізілген жаңа «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заң мемлекеттік қызмет жүйесін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам болды.
Жаңа заңда мемлекеттік қызметтің миссиясы алғаш рет айқындалып, меритократия қағидатын күшейту, кадрлық процестерді цифрландыру, талантты жастарды мемлекеттік қызметке тарту, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби дамуын қолдау және халыққа бағдарланған сервистік басқару моделін қалыптастыру сияқты бірқатар маңызды жаңашылдықтар көзделген.
Жаңа заңның ерекшеліктері, енгізілген өзгерістердің маңызы және олардың мемлекеттік қызметтің дамуына ықпалы туралы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ербол Жолданғармен әңгімелестік.
– Ербол Қабдығалиұлы, биыл қолданысқа енгізілген жаңа «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңды мемлекеттік қызмет жүйесі үшін тарихи құжат деуге бола ма?
– Әрине. Бұл заң мемлекеттік қызметтің құқықтық негізін жаңартып қана қоймай, оның философиясын өзгертетін маңызды құжат. Бұрын негізгі назар кадрлық рәсімдерге аударылса, енді мемлекеттік қызметтің басты мақсаты – азаматтарға сапалы қызмет көрсету, қоғамның сеніміне ие болатын кәсіби әрі тиімді мемлекеттік аппарат қалыптастыру болып отыр. Заң Мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыруға бағытталған және халықаралық үздік тәжірибелерді ескере отырып әзірленді.
– Заңда алғаш рет мемлекеттік қызметтің миссиясы айқындалды. Мұның практикалық маңызы қандай?
– Мемлекеттік қызмет тек лауазым атқару емес, бұл – қоғам мен мемлекет алдындағы үлкен жауапкершілік. Сондықтан жаңа заңда мемлекеттік қызметтің миссиясы, құндылықтары мен негізгі қағидаттары нақты бекітілді. Бұл әрбір мемлекеттік қызметшінің күнделікті жұмысында қандай мақсатқа қызмет етуі керектігін айқындайды. Яғни, басты құндылық – азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және елдің тұрақты дамуына үлес қосу.
– Соңғы жылдары меритократия қағидаты туралы көп айтылып жүр. Жаңа заң бұл бағытты қалай күшейтеді?
– Меритократия – жаңа заңның негізгі қағидаттарының бірі. Қызметке қабылдау, мансаптық өсу және көтермелеу кәсіби біліктілікке, құзыреттерге және нақты нәтижеге негізделеді. Бұл әділ кадрлық саясатты қалыптастыруға мүмкіндік береді. Әрбір мемлекеттік қызметші өзінің білімі мен еңбегінің арқасында ғана мансаптық өсудің мүмкіндігіне ие болады.
– Мемлекеттік қызметке қабылдау рәсімдері қалай өзгереді?
– Заң кадрларды іріктеуді барынша ашық әрі цифрлық форматқа көшіреді. Конкурстық рәсімдер толықтай «Е-қызмет» ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Бұл адами факторды азайтып, барлық үміткер үшін тең мүмкіндік қалыптастырады. Сонымен қатар рәсімдердің қарапайым әрі қолжетімді болуы мемлекеттік қызметке қызығушылық танытқан азаматтар үшін қолайлы жағдай жасайды.
– Жас мамандар үшін қандай жаңа мүмкіндіктер қарастырылған?
– Мемлекеттік аппараттың болашағы – жастар. Сондықтан заңда мемлекеттік қызметке даярлау институты енгізілді. Бұл бастама мектептен және жоғары оқу орындарынан бастап талантты жастарды анықтауға, олардың басқарушылық дағдыларын дамытуға және мемлекеттік қызметке саналы түрде келуіне мүмкіндік береді. Бұл – кадрлық резервті қалыптастырудың жаңа кезеңі.
– Қызметте жүрген мемлекеттік қызметшілер үшін қандай өзгерістер маңызды?
– Заң қызметкерлердің кәсіби дамуына ерекше көңіл бөледі. Оқыту, құзыреттерді дамыту, нәтижелілікті бағалау және мансаптық жоспарлау жүйесі жетілдіріледі. Сонымен қатар «Б» корпусы қызметшілері үшін көлденең мансаптық өсу тетігі енгізіліп, кәсіби деңгейіне қарай еңбекақыны саралау көзделген. Бұл тәжірибелі мамандарды ынталандырудың жаңа құралы болады.
– Жаңа заң мемлекеттік органдардың халықпен жұмыс істеу тәсілін өзгертеді деуге бола ма?
– Иә, бұл – заңдағы ең маңызды өзгерістердің бірі. Мемлекеттік органның қызметі енді азаматтың қажеттілігіне бағдарлануы тиіс. Қызмет көрсету кезінде артық бюрократиялық рәсімдерді азайту, цифрлық шешімдерді кеңінен пайдалану және өтініштерді жедел қарау көзделген. Бұл мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттырып, халықтың қанағаттану деңгейін көтеруге мүмкіндік береді.
– Сұхбатымызды қорытындылай келе, мемлекеттік қызметшілерге және мемлекеттік қызметке қызығушылық танытып жүрген жастарға не айтар едіңіз?
– Мемлекеттік қызмет – үлкен жауапкершілік пен зор сенім. Бұл салада жұмыс істеу үшін кәсібилік, адалдық, жаңашылдық және елге қызмет етуге деген ұмтылыс қажет. Жаңа заң осы қағидаттарды нығайтып, әрбір қабілетті азаматқа өз әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сондықтан мемлекеттік қызметті таңдаған әрбір жас бұл жолдың тек мансап емес, елдің дамуына қосылатын нақты үлес екенін түсінуі қажет.
– Ербол Қабдығалиұлы, ашық әрі мазмұнды сұхбатыңызға рақмет! Мемлекеттік қызметтің дамуы – ел дамуының кепілі. Сондықтан жаңа заңның тиімді іске асырылуы мемлекеттік басқару сапасын арттыруға және азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға өз үлесін қосады деп сенеміз.