Елімізде алғаш рет вирустан таза алма көшеттері әзірленуде

Бүгін, 13:53
Думан Аманжол Думан Аманжол
Елімізде алғаш рет вирустан таза алма көшеттері әзірленуде
Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Елімізде алманың вирустан таза көшет материалын өндірудің ғылыми негізделген жүйесін қалыптастыруға бағытталған бірегей пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

Жоба 2024–2026 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында іске асуда. Мақсаты – отандық бау-бақша шаруашылығын дамыту, көшет материалының сапасын арттыру және импортқа тәуелділікті азайту. 

«Бұл – Қазақстандағы осы бағыттағы алғашқы әрі әзірге жалғыз жоба. Ол отандық алма сорттары мен телітушілерін заманауи биотехнологиялық әдістер арқылы вирустардан арылтып, сапалы көшет қорын қалыптастыруды көздейді», делінген хабарламада.

Жоба аясында ғалымдар ғылыми және өндірістік бақтарда өсірілетін алма сорттары мен телітушілеріне вирустық аурулардың бар-жоғын анықтау үшін ауқымды зерттеу жүргізді. Сондай-ақ оларды вирустан арылту биотехнологиялық жұмыстары жасалды. Нәтижесінде «Жетісу 5», «АРМ-18», «Б-16-20», «Б-7-35» атты отандық алма телітушілері, сондай-ақ «Айнұр», «Салтанат» және «Восход» секілді болашағы зор қазақстандық сорттар вирустан толық тазартылды.

Сонымен бірге, отандық жоғары сапалы көшет өндірісін жедел дамыту мақсатында жоба шеңберінде Нидерланд Корольдігінен әлемдік нарықта сұранысы жоғары 12 түрлі алма телітушісінен 7,9 мың түп және шетелдік селекцияға жататын 20 сорттан 2,2 мың түп әкелінді. Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Талғар өңірлік филиалының базасында аумағы 0,5 гектар болатын еліміздегі алғашқы вирустан таза аналық бақ құрылды. Қазір аумағы 1,5 гектар болатын аналық бақты қалыптастыруға арналған көшеттер дайындалуда. Алдағы уақытта институт отандық бағбандарды «М9», «М7», «В9», «ММ106», «М111» сияқты сұранысқа ие телітушілермен, сондай-ақ «Гренни Смит», «Гала», «Фуджи», «Джонаголд» және басқа да танымал сорттардың сертификатталған, вирустан таза көшеттерімен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.

Еске салсақ, Астанада экологиялық мәдениетті қалыптастыру іс-шаралары тұрақты түрде өткізіліп келеді