ҚТЖ теміржол маңында мал жайғаны үшін айыппұлдарды қатаңдатуға бастамашылық етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазіргі таңда мал иелерімен белсенді түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Ақпаратқа сәйкес, жыл басынан бері 1,3 мыңға жуық түсіндіру кездесулері өткізіліп, оған 34 мыңға жуық адам қатысты.
52 мыңнан астам мал иелері мал жаю және темір жол арқылы жануарларды айдап өту ережелерімен танысты. 378 мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Профилактика нәтиже беруде: 2026 жылдың 9 айында пойыздардың мал басу саны 584 жағдайға дейін төмендеді (2025 жылдың ұқсас кезеңінде – 648). Алайда, жағдай күрделі болып қалуда.
«2025 жылдан бастап осы құқық бұзушылық үшін ескерту жойылды – бірден 5 АЕК айыппұл қолданылады (қайталанса – 10 АЕК). Қазір ҚТЖ айыппұлдарды екі есеге: бірінші бұзғаны үшін 10 АЕК-ке және жыл ішінде қайталағаны үшін 20 АЕК-ке дейін арттыруды жоспарлап отыр», - делінген ҚТЖ хабарламасында.
ҚТЖ мал иелерінен мал жаю ережелерін қатаң сақтауға және малды темір жолдың жанында қараусыз қалдырмауға шақырды.
Еске салсақ, 1 қазаннан бастап пойыз билеттері уақытша 10%-ға арзандайтынын жаздық.