Асхат Аймағамбетов: Қазір әлемде кітап оқу - интеллектуалды сәннің белгісі
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желіде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған «Оқу мәдениетін дамыту және оқитын ұлтты қалыптастыру» туралы Жарлыққа қатысты оң пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Қазіргі жастар кітап оқымайды, тек телефонға телміріп отыр» деп жиі айтамыз. Бірақ заманды кінәлағаннан ештеңе өзгермейді. Ең бастысы - жағдай жасау, қызығушылық ояту, кітапты қайтадан трендке айналдыру.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Оқу мәдениетін дамыту және оқитын ұлтты қалыптастыру» туралы Жарлыққа қол қойды.
Қ. К. Тоқаевтың бұл шешімі - ұлттың интеллектуалды әлеуетін арттыруға, адами капиталды дамытуға, ұлттың жарқын болашағына бағытталған ерекше стратегиялық қадам. Көрегендік пен нағыз көшбасшылық деген - дәл осындай болашаққа арналған шешімдер қабылдау. Қазір әлемде кітап оқу - интеллектуалды сәннің, жаңа мәдениеттің белгісі.
Жасанды интеллект (ЖИ) бәрін біз үшін жазып беретін заманда, адамның өз бетінше ойлау қабілеті - ең басты қаруы. Білімді әрі бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру - мемлекетіміздің басты басымдығы», - деп жазды ол.
Депутат өз жазбасында енді бізді қандай өзгерістер күтіп тұрғанын да тізбелеп берді.
• Кітапханалар шаң басқан жер емес, жастар жиналатын жаңа форматтағы заманауи коворкингтер мен қоғамдық кеңістікке айналады;
• Кез келген кітап смартфонда қолжетімді болуы үшін Ұлттық цифрлық кітапхана платформасы іске қосылады;
• Отандық жазушылар мен ақын-жазушыларға мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетіліп, ұлттық әдеби мұрамызды сапалы аудару, басып шығару және оны шетелде танымал ету жұмыстары қолға алынады. Кітап шығарушылар мен таратушылардың жұмысы ынталандырылады;
• Ең маңыздысы - Жасанды интеллект дәуіріндегі оқу мәдениетіне арналған арнайы заманауи концепция әзірленеді;
• Кітапхана және кітап ісі туралы мүлдем жаңа заң дайындалады.
«AMANAT» партиясы да бұл бағытта ел көлемінде «Кітап AMANAT» жобасын жүзеге асырып, өңірлерде кітап орталықтарын ашып келеді. Себебі кітап оқу - білімнің де, тәрбиенің де, ойлау мәдениетінің де негізі.
Оқитын ұлт қана - озық ұлт.
Достар, сіздер қазір қандай кітап оқып жатырсыздар? Жастар арасында кітап оқу трендін қалай дамытуға болады?» , - деген сауал жолдады депутат оқырмандарына.