Астаналық гимнаст Чехияда өткен турнирде 5 медаль жеңіп алды

14 қыркүйек, 2026
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астаналық гимнаст Чехияда өткен турнирде 5 медаль жеңіп алды
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астана қаласының спортшысы Ақмарал Ерекешева Чехияның Брно қаласында өткен көркем гимнастикадан Grand Prix Brno халықаралық турнирін 1 алтын және 4 күміс медальмен қорытындылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Жарыстың шешуші күнінде жекелеген жаттығулар бойынша финалдық бәсекелер өтіп, іріктеу кезеңінде жоғары нәтиже көрсеткен Ақмарал Ерекешева төрт жаттығудың барлығында жүлдеге ие болды.

Шығыршықпен орындалатын жаттығуда елордалық гимнаст 29,150 ұпай жинап, алтын медаль жеңіп алды. Екінші орынды украиналық Полина Карика 29,100 ұпаймен иеленсе, өзбекстандық Лола Джураева 27,950 ұпаймен қола жүлдегер атанды.

Доппен орындалатын жаттығуда Ақмарал Ерекешева 28,000 ұпай жинап, күміс медаль иеленді. Бірінші орынды украиналық Таисия Онофрийчук 28,450 ұпаймен алса, Полина Карика 27,350 ұпаймен үшінші орынға тұрақтады.

Ұршықпен орындалатын жаттығуда Ақмарал 29,050 ұпаймен екінші орын алды. Таисия Онофрийчук 29,450 ұпаймен жеңімпаз атанса, Лола Джураева 27,600 ұпаймен қола медаль иеленді.

Таспамен орындалатын жаттығуда да елордалық спортшы күміс жүлдеге қол жеткізді. Ақмарал 27,600 ұпай жинады. Польшалық Лилиана Левинска 27,700 ұпаймен бірінші, ал Лола Джураева 27,300 ұпаймен үшінші орын алды.

Бұған дейін Ақмарал Ерекешева көпсайыс бағдарламасында 116,500 ұпай жинап, күміс жүлдеге ие болған. Бұл көрсеткіш спортшының жеке рекордына айналды.

Осылайша, Астана қаласының спортшысы Grand Prix Brno халықаралық турнирін 1 алтын және 4 күміс медальмен аяқтады.

Енді Ақмарал Ерекешева Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтетін XX жазғы Азия ойындарында Қазақстан ұлттық құрамасының сапында ел намысын қорғайды. Көркем гимнастикадан жарыстар 1-3 қазан аралығында өтеді.

Еске сала кетейік, көркем гимнастикадан Ақмарал Ерекешеваның жеке бапкері саналатын Меруерт Балғынбаева Чехияда өткен Grand Prix BRNO турнирін қорытындылады.