Астанадағы тұрғын үй кешенінің қасбетіне «Таңсәрі» муралы салынды
Елордадағы көпқабатты тұрғын үйдің қасбетіне ерекше мурал салынды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
Тұран даңғылы, 58 мекенжайында орналасқан «Кең дала» тұрғын үй кешенінің ғимаратындағы ауқымды «Таңсәрі» муралының жұмысы аяқталды.
Мурал Астана қаласы әкімдігі және Урбанистика орталығының бастамасымен салынды.
«Қазақ мәдениетінде «таңсәрі» жаңа кезеңнің басталуын, үміт пен жаңаруды білдіреді. Көркем туынды қала сәулеті мен табиғаттың үйлесімін бейнелеп, кеңістікке жаңа көркемдік сипат беріп тұр», - делінген хабарламада.

Композицияның өзегіне заманауи қаланың қатаң сәулеттік келбетін ажарландыратын ашық түсті дала гүлдері алынған. Гүлдер ғимараттың қасбетімен бой түзеп, қалалық ортаға табиғи реңк мен жылулық сыйлайды.
Муралды салу жұмысына Астана және Қарағанды қалалары Урбанистика орталықтарының командалары AirG суретшілерімен бірлесіп атсалысты.
Еске салсақ, елордада Алматы көшесі жыл соңына дейін жабылады.