Астанадағы экологиялық саммитте Орталық Азияның су инфрақұрылымын қаржыландыру мәселесі талқыланады

Бүгін, 09:16
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Астанадағы экологиялық саммитте Орталық Азияның су инфрақұрылымын қаржыландыру мәселесі талқыланады
Фото: ҚР Экономика министрлігі

23 сәуірде Өңірлік экологиялық саммит-2026 шеңберінде Астанада «Орталық Азиядағы су секторын тұрақты қаржыландыру: сын-тегеуріндер, мүмкіндіктер мен ынтымақтастық жолдары» атты тақырыптық пікірталас өткізіледі. Оның барысында сарапшылар өңірдің су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту үшін инвестиция тартудың және қаржы құралдарын дамытудың негізгі тетіктерін талқылайды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Экономика министрлігіне сілтеме жасап.

Су секторы Орталық Азия елдерінің орнықты әлеуметтік-экономикалық және экологиялық дамуын қамтамасыз етуде стратегиялық рөл атқарады. Климаттың өзгеруі, халықтың өсуі және инфрақұрылымның тозуы жағдайында су ресурсын тиімді басқару және қаржы ресурстарын жұмылдыру мәселесі ерекше өзекті болып отыр.

Панельдік сессияның бастамашысы – стратегиялық жоспарлау, бюджеттік саясат және Орнықты даму мақсаттарын іске асыруды үйлестіру мәселесіне жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі. Іс-шараның ұйымдастырушылары – Экономикалық зерттеулер институты мен Халықаралық су менеджменті институты.

Панельдік сессияның мақсаты – су инфрақұрылымын дамыту, су ресурстарын басқару тиімділігін арттыру және аймақтық ынтымақтастықты нығайту үшін қаржы ресурсын жұмылдырудың негізгі сын-тегеуріндері мен мүмкіндіктерін талқылау.

Талқылауға Орталық Азия елдерінің су ресурстары жөніндегі орталық мемлекеттік органдарының өкілдері, сондай-ақ Азия Даму Банкі мен Дүниежүзілік банкті қосқанда, халықаралық қаржы институттарының өкілдері қатысады. Пікірталасқа су секторындағы жетекші сарапшылар мен зерттеушілер де қосылады.
Панельдік сессияның қорытындысы бойынша аймақтың су инфрақұрылымын дамытудың қаржылық тетігін нығайту, су ресурсын басқарудың тиімділігін арттыру және су саласындағы аймақтық ынтымақтастықты кеңейтудің практикалық ұсынымы қалыптастырылады.

Өңірлік экологиялық саммит (RES 2026) – Орталық Азия елдері мен басқа мемлекеттерді климаттың өзгеруі, су ресурстарының тозуы, табиғи ресурстарды тұрақты басқару және басқа да өзекті экологиялық мәселелерді шешу үшін біріктіруге бағытталған халықаралық іс-шара. RES 2026 2026 жылғы 22-24 сәуір аралығында Астана қаласында (Қазақстан) өтеді. Саммитке мемлекеттер, халықаралық ұйымдар, бизнес және ғылым өкілдерінен тұратын 1500 делегаттың қатысуы күтілуде.

RES 2026-ны БҰҰ-мен әріптестік аясында өткізу бастамасын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында жариялаған болатын.

Еске салайық, бұған дейін Астанада күзде AI & Digital Bridge 2026 халықаралық IT-форумы өтетінін туралы жаздық.