Референдум-2026

Астанада заңсыз шлагбаумдар мен бетон бөгеттерге қарсы рейд өтті

Астанада заңсыз шлагбаумдар мен бетон бөгеттерге қарсы рейд өтті
Фото: Ернұр Сағымбек

Астанада көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында арнайы қызмет көліктерінің қозғалысына кедергі келтіретін заңсыз бөгеттерге қарсы профилактикалық рейд өтті. Іс-шараның басты мақсаты – өрт сөндіру, жедел жәрдем және полиция көліктерінің төтенше жағдай кезінде оқиға орнына кедергісіз әрі уақытылы жетуін қамтамасыз ету, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Рейдті Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті, прокуратура, Полиция департаменті және қала әкімдігімен бірлесіп өткізді. Мамандар аулаларды аралап, заңсыз орнатылған бетон блоктарды, шынжырларды, шлагбаумдарды және арнайы техниканың жүруіне кедергі келтіретін өзге де тосқауылдардың бар-жоғын тексерді. Мемлекеттік қызметтер өкілдерінің айтуынша, заңбұзушылықтар бойынша оларды қолданыстағы заңнамаға сәйкес жою шаралары қабылданады.
Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Өміржан Тұқышевтің мәлімдеуінше, мұндай рейдтер тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі профилактикалық жұмыстардың бір бөлігі.

«Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті мұндай рейдтік іс-шараларды жүйелі түрде өткізеді. Бұл рейдтер прокуратура, ішкі істер органдары және әкімдік өкілдерімен бірлесіп ұйымдастырылады. Рейдтердің негізгі мақсаты – өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуының алдын алу, анықталған заңбұзушылықтарды жою. Сондай-ақ тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаудың маңызын түсіндіру. Осыған байланысты рейд барысында тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзуға жол бермеу қажеттігі кеңінен насихатталады», – деді ол.

Мамандардың айтуынша, көп жағдайда тұрғындар көлік қою орындарын сақтап қалу немесе бөгде көліктердің кіруін шектеу үшін әртүрлі кедергілер орнатады. Алайда мұндай әрекеттер төтенше жағдай кезінде санаулы минуттың өзін шешуші факторға айналдырып, адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Сарыарқа ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау капитаны Ілияс Мейраш арнайы қызмет көліктеріне жол беру мәдениетін қалыптастырудың маңызын атап өтті.

«Біздің мақсатымыз арнайы қызмет көліктеріне жол беру мәдениетін қалыптастыру. Жыл басынан бері прокуратура, полиция қызметкерлерімен бірлесіп осындай рейдтік іс-шараларды тұрақты түрде өткізіп келеміз. Рейд барысында көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында заңсыз орнатылған бөгеттер мен арнайы техникалардың жүруіне кедергі келтіретін тосқауылдарға ерекше назар аударылады. Өйткені мұндай кедергілер жедел жәрдем, полиция және өрт сөндіру қызметі көліктерінің оқиға орнына дер кезінде жетуіне тосқауыл болуы мүмкін. Сондықтан азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүргізілуде», – деді Ілияс Мейраш.

Төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарды аулаларда заңсыз бөгеттер орнатпауға және арнайы техниканың еркін қозғалысына жағдай жасауға шақырады. Себебі төтенше жағдайда әрбір минут аса маңызды.