Астанада референдум учаскелеріне алғаш келген тұрғындарға сыйлықтар берілді
Астанадағы №10 мектеп-гимназиясында орналасқан №84 референдум учаскесі бүгін таңғы сағат 7:00-де өз жұмысын бастады. Дауыс беру рәсімі мемлекеттік Әнұранмен ашылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Таңертең ерте келген алғашқы сайлаушыларға арнайы сыйлықтар табысталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама тұрғындардың саяси белсенділігін арттырып, қоғамдық өмірге белсенді қатысуға ынталандыру мақсатында ұйымдастырылған.
Бірінші келіп дауыс берген Қызтөре есімді азаматша бұл сәттің өзі үшін ерекше екенін айтты. Оның айтуынша, азаматтық борышын орындау – әрбір азамат үшін маңызды.
«Көршім екеуіміз келіп, дауыс бердік. Сыйлық алып жатырмыз. Рақмет, бәрі ойдағыдай өтіп жатыр. Еліміз дами берсін. Референдум елімізге жақсылық әкеледі деп сенеміз. Жаңа Конституция халық мүддесі үшін қызмет етсін. Қазақстан жасай берсін!» – деді ол.
Айта кетейік, таңертеңнен бастап дауыс беру учаскелерінде белсенділік байқалады. Қала тұрғындары өз таңдауларын жасау үшін референдумға қатысып, дауыс беруге келіп жатыр.