Астанада өткен брифингте қоршаған ортаның жай-күйі мен қалдықтарды басқару мәселелері талқыланды
Жыл басынан бері елордада «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында 250-ден астам іс-шара ұйымдастырылып, көктемгі экологиялық айлыққа 300 мыңнан астам тұрғын қатысты. Бұл туралы Астана қаласы Коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы басшысының орынбасары Медет Жалпыбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Оның айтуынша, қалада тазалық мәдениетін қалыптастыру мен абаттандыру жұмыстарын күшейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.
«Биылғы жеті айдың қорытындысы бойынша абаттандыру және тазалық қағидаларын бұзғаны үшін 30,2 мың адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Құқық бұзушыларға жалпы сомасы 73,3 миллион теңгеден астам айыппұл салынды», – деді Медет Жалпыбаев.
Спикердің сөзінше, экологиялық акциялар тұрғындардың қоршаған ортаға жауапкершілігін арттыруға және елордада тазалық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Еске салсақ, Астанада қоғамдық тәртіп пен тазалықты жасанды интеллект бақылайды.