Астанада полицейлер Canon 6D маркалы үш фотоаппаратты ұрлады деген күдікке ілінген 29 жастағы ер адамды анықтап, ұстады, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Алдын ала мәліметтер бойынша, ер адам мешітке еш кедергісіз кіріп, кейін қосалқы бөлмеге өткен. Бөлмелердің бірінен фототехниканы байқап, оны жасырын түрде ұрлап кеткен.
Кейін ер адам ұрланған фотоаппараттарды сатып, түскен ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсаған. Жедел іздестіру іс-шаралары барысында күдіктінің жеке басы анықталды. Ол елорданың аудандарының бірінде ұсталды.
«Қазіргі уақытта ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр», - делінген хабарламада.
Полиция ескертеді: ғимаратқа еркін кіруге мүмкіндік болуы өзгенің мүлкін еркін иемденуге болады дегенді білдірмейді. Бөтеннің мүлкін заңсыз иемденгені үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілік қарастырылған.
Еске сала кетейік, Астанада жалған концерт билеттерін сатпақ болған жас жігіт анықталды.