Астанадағы Qazaq Creative Hub орталығында Creative Aimaq жобасы аясында «Маңғыстау: Тамыр. Талғам. Креатив» атты екі күндік жәрмеңке өтіп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Елордаға Маңғыстау облысынан креативті индустрияның 40 өкілі келді. Олар өңірдің мәдени мұрасы мен шығармашылық әлеуетін танытатын сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарын, дизайнерлік киім топтамаларын және авторлық жобаларын көпшілікке ұсынды.
Алғашқы күні «Түп төркінің төрге оздырған Маңғыстау» көрмесі өтіп, «Ақшағыл» ансамблі өнер көрсетті. Мәдени бағдарлама «Дүние дидарындағы дәстүр» сән көрсетілімімен, «Менің әлемім» музыкалық-поэзиялық қойылымымен жалғасты. Сондай-ақ Тамара Асар ән шырқап, «Жорға» би ансамблінің өнерпаздары би биледі. Тақырыптық шеберлік сабақтары да ұйымдастырылды.
Жәрмеңке өңірлердегі шығармашылық жобаларды танытуға, отандық өндірушілерді қолдауға және креативті кәсіп иелерінің өнімдерін кеңінен насихаттауға бағытталған.
Ертең, 1 қарашада, «Бабаның көзі, жаңаның өзі» сән көрсетілімі, «Домбыра сазы» ансамблінің концерті, дәстүрлі музыка кеші және «Тамыр. Әуен. Рух» концерті өтеді.
Жәрмеңке Астана қаласы, Жошы хан көшесіндегі Qazaq Creative Hub орталығында өтіп жатыр.
Еске салсақ, өткен апта Астанада Шымкент қаласының креативті жәрмеңкесі өтті.


