Астанада көпшілік шомылуға арналған 5 жағажай аймағы белгіленді

Астанада көпшілік шомылуға арналған 5 жағажай аймағы белгіленді
Фото: Астана қаласы Коммуникациялар қызметі

Астана қаласының Коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында қалалық Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Ренат Смағұлов елордадағы су айдындарындағы қауіпсіздік және  шомылу маусымына дайындық жайына тоқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Басқарма басшысының айтуынша, жаз басталысымен елорданың су айдындарының жағалауына келуші саны артады. Осыған байланысты Астана қаласының ТЖД судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық және жедел іс-шаралар кешенін күшейтті.

«Жүргізіліп жатқан жұмыстың негізгі мақсаты - шомылу маусымында адамдардың қаза болуы мен жарақаттануының алдын алу, тұрғындардың судағы қауіпсіздік ережелері туралы хабардарлығын арттыру. Сондай-ақ, су айдындарындағы төтенше жағдайға жедел әрекет етуге департаменттің құтқару бөлімшелері дайын. Қазіргі уақытта тәулік бойы кезекшілікте 30 құтқарушы-сүңгуір қызмет атқарады. Сонымен қатар арнайы сүңгуір жабдықтарымен жабдықталған 2 жедел-құтқару техникасы және 8 жүзу құралы тұрақты жауынгерлік әзірлікте тұр», - деді Ренат Смағұлов.

Оның айтуынша, күн сайын құтқарушылар Есіл өзенінің арнасын қайықпен патрульдеп, жағдайды бақылап, жедел әрекет етеді. Бұдан бөлек, қауіпті учаскелерде жүзу құралымен жабдықталған үш мобильді бекет қойылған.

Басқарма басшысының айтуынша оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында Төтенше жағдайлар департаменті аудан әкімдіктерімен бірлесіп тұрғындарды ақпараттандыру жұмысын қолға алды. Су айдындарының қауіпті және жабдықталмаған учаскелерінде шомылуға тыйым салынғаны туралы ақпараттық стенд пен ескерту белгілері орнатылған.

Сонымен қатар балалар мен жастар арасында профилактикалық жұмысқа басты назар аударылады. Қала мектептерінде, колледждер мен жоғары оқу орындарында жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздік мәселесі бойынша интерактивті сабақтар мен түсіндіру іс-шаралары ұйымдастырылып жатыр.

Астана қаласы әкімдігінің қаулысына сәйкес, азаматтардың су айдындарында шомылуына арналған 5 жағажай аймағы бекітілген. Олардың қатарында Орталық саябақтағы Орталық жағажай, Ш. Бейсекова көшесіндегі көпір маңындағы коммуналдық жағажай, Көктал-1 тұрғын алабындағы «Три пескаря», «Армина» және «Столичный двор» жағажай аймақтары бар. Аталған аумақтар белгіленген талаптарға сай келеді және шомылу маусымында азаматтардың қауіпсіз демалысына арналған.

Ренат Смағұловтың мәлімдеуінше, қалған су айдындары рұқсат етілмеген аумақ болып саналады және онда суға түсуге тыйым салынған. Рұқсат етілген демалыс орындары туралы ақпарат 2GIS картасында орналастырылған.

ТЖД судағы қауіпсіздік талаптарын бұзу ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 364 және 412-баптарына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкелетінін ескертеді. Атап айтқанда, өткен жылдың жазғы маусымында ТЖД қызметкерлері полициямен бірлесіп жүргізген рейд барысында рұқсат етілмеген су айдындарында шомылған азаматтарға қатысты 176 әкімшілік хаттама толтырған.

Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы судағы қайғылы жағдайлардың басты себебі - тыйым салынған жерлерде шомылу және балаларды қараусыз қалдыру екенін жеткізді. Өткен жазда елорда су айдындарында 3 адам суға батып кеткен, олардың екеуі кәмелетке толмаған.

«Судағы адам өлімінің барлық рұқсат етілмеген шомылу орындарында тіркелген. Қайғылы оқиғалардың негізгі себептері - су айдындарындағы қауіпсіздік ережесін сақтамаудан болған. Атап айтқанда, жабдықталмаған учаскелерде шомылу, мас күйінде шомылу және балаларды ересектердің қарауынсыз қалдыру. Статистикаға сәйкес, 2024 жылғы шомылу маусымында елорданың су айдындарында төрт адам, оның ішінде 1 жасөспірім қаза тапқан. Ал 2023 жылы 7 адам, оның ішінде 1 кәмелетке толмаған бала суға кеткен. Барлық жағдайда қайғылы оқиғалар тыйым салынған және жабдықталмаған аумақтарда болған», - деді Ренат Смағұлов.

Төтенше жағдайлар департаменті елорда тұрғындары мен қонақтарын су айдындарында шоеломылу кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Қарапайым сақтық шараларын сақтау арқылы көптеген жазатайым оқиғаның алдын алуға болады.

«Азаматтарға тек арнайы жабдықталған және рұқсат етілген орындарда ғана суға түсу ұсынылады. Сонымен қатар алкогольдік ішімдік ішкен күйде суға түсуге болмайды. Белгіленген шектеулерді сақтау, қоршаулардан аспау, көпірлерден, жүзу құралдарынан және суға түсуге арналмаған өзге де нысандардан секірмеу қажет. Балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөліп, оларды су маңында қараусыз қалдырмауға шақырады», - деді ол.

Еске сала кетсек, таяуда Есіл өзеніндегі жүзу құралдарының дайындығы тексерілді.