Елордада V Азия Пара ойындарына қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасының спортшыларын салтанатты шығарып салу рәсімі өтті. Сары құрлық бәсекесі 18-24 қазан күндері Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Салтанатты жиынға Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, спорт ардагерлері, жаттықтырушылар мен қоғам өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында V Азия Пара ойындарының ашылу рәсімінде Ту ұстайтын спортшыларға Қазақстан Республикасының Туы салтанатты түрде тапсырылды. Жапониядағы байрақты бәсекенің ашылу салтанатында еліміздің байрағын пара жеңіл атлетикадан Париж Паралимпиадасының қола жүлдегері, 2023 жылғы Азия Пара ойындарының чемпионы Дастан Мұқашбеков пен пара дзюдодан әлем чемпионатының бірнеше мәрте жүлдегері Аяла Мереке алып шығады. Өз кезегінде Дастан Мұқашбеков Ту ұстаушы ретінде көпшіліктің алдына шығып, салтанатты түрде ант берді.

Қазақстан құрамасынан дүбірлі додаға 150 пара спортшы және 49 жаттықтырушы қатысады. Олар 12 спорт түрінен (волейболды отырып ойнау, пара таеквондо, пара дзюдо, пара үстел теннисі, пара оқ ату, пара жеңіл атлетика, пара садақ ату, пара жүзу, арбадағы теннис, пара пауэрлифтинг, бочча және пара велоспорт) өнер көрсетеді.
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов спортшыларға сәттілік тілеп, сары құрлық бәсекесінің еліміз үшін маңызды дода екенін атап өтті.
«Азия пара ойындары әр мемлекет үшін, Азияның мемлекеттері үшін үлкен дүбірлі дода. Бұл жарыста жалпы командалық есеп жүргізіледі. Сондықтан сіздердің бүгінгі күнге дейін жеткен еңбектеріңіз, қайсар мінездеріңіз еліміздің туын биікке шығарады деген сенімдеміз.
Қазақстан құрамасы Пара Азия ойындарына 2010 жылдан бастап қатысып келе жатыр. Көптеген жетістікке жеттік. Оның ішінде біз пара волейболдан, пара дзюдодан, пара таеквондодан, пара жүзуден және пара каноэ түрлі спорттан жақсы өнер көрсетіп нәтижелер бергенбіз. Сондай-ақ Зүлфия Габидуллина, Ақмарал Науатбек, Давид Дегтярев сынды пара спортшыларымыз Азия Пара ойындарындағы жетістіктерін Паралимпиададағы жеңіске ұластыра білді.
Осы жолы да волейболды отырып ойнаудан әлем чемпионатының қола жүлдесін алғаш рет жеңіп алған отандастарымыз, сондай-ақ пара жеңіл атлетика мен пара жүзуден халықаралық жарыстарда жетістікке жеткен спортшыларымыз жақсы нәтиже көрсетеді деп сенемін», - деді Ербол Мырзабосынов.
Сондай-ақ жиын барысында Қазақстан паралимпиадалық командасының тарихында алғаш рет «Жеңіс» атты маскот көпшілікке таныстырылды.

Қазақстан Азия Пара ойындарында 2010 жылдан бері қатысып, жалпы 105 медальді жеңіп алды. Оның ішінде 20 алтын, 35 күміс және 50 қола медаль бар.
2010 жылы 63 спортшымен алты спорт түрінен қатысып, екі күміс және бес қола медаль жеңіп алды. 2014 жылы Инчхон қаласында (Оңтүстік Корея) 78 спортшы тоғыз спорт түрінен қатысып, 24 медаль (жеті алтын, алты күміс және 11 қола) еншіледі.
2018 жылы Жакартада (Индонезия) өткен III Азия Пара ойындарында еліміздің 90 спортшысы тоғыз спорт түрінен бақ сынап, 33 медаль (бес алтын, 15 күміс, 13 қола) жеңіп алды.
Ханчжоу қаласында өткен соңғы Азия Пара ойындарында 131 спортшы қатысып, рекордттық 41 медальді (8 алтын, 12 күміс, 21 қола) еншіледі.


