Астанада 40 елден 65 дизайнер қатысатын халықаралық сән апталығы өтеді

Астанада 40 елден 65 дизайнер қатысатын халықаралық сән апталығы өтеді
Фото: Ұйымдастырушылар

23–26 қазан аралығында Астанада Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен WORLD DESIGNERS FASHION WEEK ASTANA 2026 халықаралық сән апталығы өтеді. Бейбітшілік және келісім сарайында ұйымдастырылатын іс-шараға 40 елден 65 дизайнер мен шетелдік сән алаңдарының өкілдері қатысады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Төрт күн бойы қазақстандық және шетелдік дизайнерлер авторлық киім топтамаларын таныстырады. Бағдарлама аясында сән көрсетілімдері, іскерлік кездесулер, шеберлік сабақтары мен сала мамандарының қатысуымен пікірталастар өтеді.

Сән апталығында қазақстандық дизайнерлердің кәсіби шеберлігін арттыруға да көңіл бөлінеді. Осы мақсатта 100 отандық дизайнерге арналған шеберлік сабағы ұйымдастырылады. Қатысушылар тері өңдеу, дизайнерлік сөмкелер мен сәндік аксессуарлар жасау технологияларымен танысады.

Бұған дейін Креативті индустрияларды дамыту қоры мен WORLD DESIGNERS FASHION WEEK ASTANA 2026 ұйымдастырушылары ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Келісім аясында дизайнерлердің кәсіби біліктілігін арттыру және халықаралық әріптестікті дамыту көзделген.

Халықаралық сән апталығы қазақстандық дизайнерлерге киім топтамаларын шетелдік мамандарға таныстыруға, тәжірибе алмасуға және отандық брендтерді халықаралық нарыққа ілгерілету үшін іскерлік байланыстар орнатуға мүмкіндік береді.