Ашхабадта қазақтың тұрмыс-тіршілігін таныстыратын фотокөрме өтіп жатыр

Ашхабадта қазақтың тұрмыс-тіршілігін таныстыратын фотокөрме өтіп жатыр
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Түрікменстан астанасы Ашхабадта XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы қазақ халқының тұрмысы мен мәдениетін бейнелейтін тарихи фотосуреттер көрмесі өтіп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Ғасырлар қойнауынан: фотосуреттердегі қазақ мәдениеті» атты халықаралық көрме Ұлы Сапармұрат Түрікменбашы атындағы Бейнелеу өнері музейінде ұйымдастырылған.

Экспозицияға қазақ халқының тарихы мен этнографиясынан сыр шертетін 31 фотосурет қойылған. Онда халқымыздың тұрмыс-тіршілігі, дәстүрлі кәсібі мен қолөнері, ұлттық киімдері, әшекей бұйымдары, баспанасы, күнделікті қолданған заттары және қару-жарақтары бейнеленген.

Көрменің мақсаты – Түрікменстан жұртшылығын қазақ халқының мәдени мұрасымен таныстыру және музей қорларында сақталған бірегей тарихи фотосуреттерді көпшілік назарына ұсыну.

Көрменің ашылуына Ашхабадтағы музей басшылары, БҰҰ мен ЕҚЫҰ өкілдері, дипломатиялық корпус мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Халықаралық фотокөрме 28 қазанға дейін жалғасады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Астанада «Түркістан» екі томдық энциклопедиясының таныстырылымы өткенін жаздық.