Арнайы ХҚКО-дан дайын құжаттарды үйден шықпай-ақ алуға болады

Арнайы ХҚКО-дан дайын құжаттарды үйден шықпай-ақ алуға болады
Фото: Оңалхан Өнерхан

«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында рәсімделетін дайын құжаттарды жеткізу бойынша жаңа сервисті іске қосты, деп хабарлайды Elordainfo.kz «Азаматтарға арналған үкімет»-ке сілтеме жасап.

Жаңа қызметтің арқасында азаматтарға дайын жүргізуші куәлігін, көлік құралын тіркеу туралы куәлікті немесе мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін алу үшін мамандандырылған ХҚКО-ға қайта барудың қажеті жоқ.

Жеткізу қызметіне өтінім беру «ЦОН» мобильді қосымшасы арқылы жүзеге асырылады және бірнеше минут қана уақыт алады. Сервисті құжат немесе мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі дайын болғаннан кейін пайдалануға болады. Қызмет тек тапсырыс рәсімделген елді мекен аумағында көрсетіледі.

Егер өтінім сағат 17:00-ге дейін берілсе, жеткізу сол күні жүзеге асырылады. Ал 17:00-ден кейін рәсімделген тапсырыстар бойынша құжаттар келесі жұмыс күні жеткізіледі.

Мемлекеттік корпорация Басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиевтің айтуынша, жаңа сервис азаматтардың уақытын үнемдеуге бағытталған.

«Бүгінде азаматтар үшін уақыт үнемдеу өте маңызды. Сондықтан біз мемлекеттік қызметтерді барынша ыңғайлы әрі орталыққа бармай-ақ алуға мүмкіндік беретін сервистерді дамытып келеміз. Дайын құжаттарды жеткізу қызметінің іске қосылуы цифрлық экожүйені дамытудағы кезекті қадам болды және азаматтарға күнделікті істерінен қол үзбей, уақытын тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді», – деді Арман Кенжеғалиев.

Жаңа сервис мемлекеттік қызметтерді алу процесін жеңілдетіп, азаматтарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған цифрлық шешімдердің қатарын толықтырды.