Әлем чемпионатының Америкада өтуі бар сезіміңді су сепкендей басады - Монсон мықтап тұрып айтты
Чемпионат әне ашылады, міне ашылады деп отырғанда да айтылған пікірлер толастар емес. Соның арасынан менің ішімді талайдан бері жегі құртындай жеп жүрген бір пікірге тоқтамай кете алмаймын. Оны айтқан — атақты американдық аралас жекпе-жек шебері Джефф Монсон.
Ол былай дейді: «Футбол өнері — құдіретті өнер! Оны мойындау керек. Бірақ биылғы әлем чемпионатының Америкада өтуі бар сезіміңді су сепкендей басады. Олардың Сенегал, Иран құрамаларына көрсеткен қорлығы анау. Сомалиден шығып, әлем чемпионатында төрешілік етуге ФИФА-дан жолдама алған Артанды «Америка алаңдарында сомалилық төреші шауып жүр» деп айтпасын деп, себеп тауып, еліне қайтарып жіберді. Иранмен жағдай анау... Чемпионат қызық болады. Бірақ жеңіске жетеді-ау деген төрт мемлекеттің төртеуі де — Испания, Франция, Португалия, Англия — басқыншы мемлекеттер! Олардың командаларының тең жартысына жуық ойыншылары кезінде осындай жаулап алған мемлекеттерден құл орнына әкелінгендердің ұрпақтары. Жеңіс үшін таяуда сатып алынып, азаматтық бере салғандары да бар... Бұл елдер оларға жай күндері екінші сортты адамдар ретінде қарайды. Футболға келгенде оларды төбелеріне көтере қалыпты. Бұл — екіжүзділік! Дәл сондай командалардың жеңісіне қалай қол соғасың?!»
Мен Монсонмен толық келісемін! Бұл пікірді мен бүкіл әлем ертелі-кеш көз алмайтын футбол өнерінің өзегіне түскен құрт деп бағалаймын. Бұл туралы арнайы да, сөз арасында да айтқанмын. Еуропа елдерінің құрама командаларын зерттей қараңызшы: оларды клубтық командалар дейсің де қоясың! Олардың жанында Африка мен Азиядан келген құрама командалар сол мемлекеттің айнасы секілді. Осы жөн бе, заңды ма? Әлгі алпауыт елдер өзгелерге басқа салаларда тізе батырғаны аздай, құрамада әр елдің өз ұлдары ойнауға тиіс футболды да «жаулап» алды. Осы озбырлыққа әлем болып тыйым салу керек қой.
Сіздер қалай ойлайсыздар?
Несіп Жүнісбаев