Әкенің жауапкершілігін арттыру керек: «Күміс алқа» иегері жас аналарға кеңес берді
Халықаралық отбасы және Аналар күніне орай «Анаға тағзым» аллеясының ашылуында астаналық көпбалалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» табысталды. Солардың бірі – 6 баланың анасы, «Күміс алқа» иегері Сандуғаш Тасқынғалимен Elordainfo.kz тілшісі аз-кем сұхбат құрды.
– Сандуғаш Ғалымжанқызы, көпбалалы ана болудың басты бақыты мен жауапкершілігі қандай?
– Әрине, жауапкершілігі зор. Ал басты бақыты – елім деп еңбек ететін саналы ұрпақ тәрбиелеу.
– Бала тәрбиесінде ұстанатын негізгі қағидаңыз қандай?
– Ең бірінші кезекте адалдық. Балаларымыз үйіне, отбасына, еліне адал болса деймін.
– Жас аналарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Жас аналарға айтарым, өз-өзін күтіп, отбасында әкенің жауапкершілігін арттырып, саналы әрі белсенді ұрпақ тәрбиелеу керек деп ойлаймын.
– Балаларыңызға ең бірінші қандай құндылықтарды үйретуге тырысасыз?
– Ең бірінші отбасында бір-біріне бауырмал болып, әкеге, анаға құрмет көрсетуі керек. Мемлекет алдындағы, Отан алдындағы борышын бұлжытпай орындауы тиіс. Осыны үйретуге тырысамын.
– Мемлекеттік марапат алу, «Күміс алқа» иегері атану сіз үшін нені білдіреді?
– Бұл тек отбасындағы жетістік емес, бұл ел үшін де жауапкершілік әрі жетістік деп ойлаймын.

Айта кетейік, 42 жастағы Сандуғаш Тасқынғали мамандығы бойынша заңгер. Жұбайы Ержан Тасқынғалимен отасқанына биыл 20 жыл толған. Бүгінде алты бала тәрбиелеп отыр. Кейіпкеріміздің айтуынша, жұбайының арманы оның «Алтын алқа» иегері атануы болған.
«Дегенмен бүгін «Күміс алқа» иегері атанып жатырмын. Оған да шүкіршілік етеміз», – дейді көпбалалы ана.
Бұған дейін Астанада «Анаға тағзым» аллеясы ашылып, 50 түп алмұрт ағашы отырғызылғанын жазғанбыз.