Абай облысында үш жерде заңсыз алтын өндірілгені анықталды
Абай облысының Жарма ауданында үш аумақта бағалы металл заңсыз өндірілгені анықталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Агенттіктің Абай облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен Жарма ауданында бағалы металдарды заңсыз өндіру қызметінің жолын кесті. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында барлау және заңсыз өндіру жұмысы жүргізілген үш жер анықталды.
Заңсыз қызмет нәтижесінде топырақ беті кең көлемде бүлініп, оның ішінде құнарлы қабаты сыпырылып алынған. Алтын түстес металл, байытуға арналған жуу жабдығы, арнайы техника және автокөлік құралдары тәркіленді.
Қазіргі уақытта заңсыз кәсіпке қатысы бар барлық тұлға, заңсыз өндірілген бағалы металл көлемі және келтірілген залалдың мөлшері анықтау үшін тергеу жүргізіліп жатыр.

Еске сала кетсек, ІІМ мәліметінше елімізде 1 400-ден астам адам заңсыз алтын өндірумен айналысқан.