Астаналық боксшылар Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алды

2 мамыр, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астаналық боксшылар Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алды
Фото: Астана қаласы әкімдігінен

Астаналық жасөспірім боксшылар Азия чемпионатында алтын медаль иеленді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Иорданияда бокстан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Бұл құрлықтық додаға Азияның 25 елінен 350-ге жуық спортшы қатысып, бақ сынасты.

Қазақстан құрамасы жарысты табысты аяқтап, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Отандастарымыз 16 алтын, 15 күміс және 13 қола медаль жеңіп алды. Бұл көрсеткішпен Қазақстан 18 елдің арасынан үздік шықты.

Айтулы жарыста ел намысын қорғаған елордалық спортшылар да жарқын жетістіктерге жетті. Атап айтқанда, 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында 54 келі салмақта Досжан Жұмахан және 75 келі салмақта Санжар Матасов алтын медаль иеленді. Сонымен қатар Досжан Жұмахан Азия чемпионатының «Үздік боксшысы» атағын иеленді.

Жалпы, 12 күнге созылған чемпионатта U15 және U17 жас санаттары бойынша 56 жүлде жиынтығы сарапқа салынды. Қазақстандық боксшылар бұл сында өз шеберліктерін жоғары деңгейде дәлелдей білді.