Жеңіс Қасымбек елорданы ауқымды көгалдандыру туралы айтты
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында қаланы көгалдандыру жұмысы қалай жүріп жатқаны туралы жазды, деп хабарлады Elоrdainfo.kz.
«Елордамызды көгалдандыру жұмысын жүргізіп жатырмыз. Бүгін Ғашықтар саябағы (Хан-Шатыр СОО-ға қарама-қарсы) қосымша көгалдандырылды. Мәселен, осы сауда орталығының жанында 2 қоғамдық кеңістік абаттандырылды, ал бұл орындарға сауда орталықтарының құрылысы жоспарланған болатын. Бүгін саябақты көгалдандыруға ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, депутаттар, белсенділер және қаланың жанашыр тұрғындары қатысты.
Сонымен қатар, елорда әкімі биыл қалада миллионға жуық жасыл желек (ағаштар, бұталар, көшеттер) отырғызылатынын, басым бөлігі бүгінге дейін отырғызылғанын жазды. Оның ішінде жасыл белдеу де бар. Жасыл желек көрікті жерлерге, мәдени, спорттық, білім беру және басқа да нысандарға отырғызылмақ. Қалада жасыл аймақтар көптеп ашылды.
Биыл сондай-ақ, 170-ке жуық аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылды. Мысалға, Ұлытау аллеясын, Мәңгілік ел, Тәуелсіздік, Тұран даңғылдарын, «Қазақ елі» алаңын, «Мыңжылдық» аллеясының бір бөлігін, Жүргенов аллеясындағы гүлзарды, ескі вокзал аумағын және оған іргелес Гете мен Біржан сал көшелерін ауқымды түрде абаттандырып, көгалдандырдық.
Сонымен қатар, Ақбұлақ жағалауы, Президент саябағы және «Бейбітшілік пен келісім» саябағы кіретін Есіл өзенінің бойындағы саябақ кластерін абаттандырамыз. Бұған қоса, Жағалау шағын ауданында 18 гектар аумақты кешенді абаттандырдық және т.б. Көгалдандырумен және абаттандырумен қаланың барлық ауданын қамтимыз», – деп жазды қала әкімі.