00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Өзбекстаннан «Достық» каналы арқылы тұрақты су келіп жатыр

Өзбекстаннан «Достық» каналы арқылы тұрақты су келіп жатыр
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Түркістан облысы бойынша «Қазсушар» филиалы суару маусымы басталғалы шаруаларға 2,23 млрд текше метр су берді, деп хабарлады Elordainfo.kz ведомствоға сілтеме жасап.

Бүгінгі таңда Тәуелсіздіктің 20 жылдығы атындағы каналдан қосымша секундына 10 текше метр су беріліп жатыр. Машиналық канал шаруалардың сұранысына сай «Достық» каналына су тастайды. Осылайша, Жетісай және Мақтаарал аудандарының 86 мың гектар егіс алқабын суармалы сумен қамтамасыз етеді.

«Биыл шаруалардан сұраныс көп емес. Себебі, Өзбекстаннан «Достық» каналы арқылы тұрақты су келіп жатыр. Салыстырмалы түрде айтсақ, өткен жылы дәл осы уақытта біз 5 су сорғысын қосатын едік. Қазір 2 су сорғысы жұмыс істеп тұр»,- деді канал гидротехнигі Берік Мыңбаев.

Еске салсақ, 1 сәуірден бері өзбек тарапы елімізге Сырдария өзені арқылы 4 млрд текше метрден астам су жіберді. Осыған дейін Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Өзбекстанмен жарты жыл ішінде Қазақстанға Сырдария өзені арқылы 3,7 млрд текше метр су жіберу туралы мәмілеге келген болатын. Бұл жұмыстардың барлығы еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі шаруалардың суармалы суға сұранысын толық қанағаттандыру үшін жасалып жатыр.