00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Ұлттық музейде ұлтымыздың үш бәйтерегіне арналған дөңгелек үстел өтті

Ұлттық музейде ұлтымыздың үш бәйтерегіне арналған дөңгелек үстел өтті
Фото: Василий Крась

Ұлттық музейде «Ұлы адамдардың ерлігін ұлықтау» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Аталған іс-шараны Астана қаласының Ішкі саясат басқармасы «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Астана қалалық филиалы, ҚР Ұлттық музейі және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті бірлесіп ұйымдастырды.

«Жауынгерлер жерді қорғайды, жазушылар елді қорғайды. Қаламгерлердің рөлі қай заманда болсын ерекше. Зиялылар халықты бірлікке шақырмаса, елді қиын кезде жұбатпаса не болар еді? Сондықтан біз ұлтымыз үш бәйтерек деп атаған Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин және Бейімбет Майлиннің қайраткерлігі мен қаламгерлігіндегі ерекше қырларын бүгінгі дөңгелек үстеліміздің өзекті тақырыбы етіп алдық.

Бұл жерге ғалымдар мен ардагерлерден басқа ЕҰУ студенттерін, оның ішінде тарих факультетінің магистранттарын және ҚР Мемлекеттік күзет қызметі өкілдерін дөңгелек үстелде ғалымдар айтқан тың деректерді әрі қарай өз еңбектерінде, зерттеулерінде, тәрбие жұмыстарында пайдалансын деген ниетпен шақырдық.  

Мықты ғалымдар келіп отыр. Мысалы, Сәкен Сейфуллин атындағы музейдің директоры, тарих ғылымдарының докторы, сәкентанушы Марат Әбсеметов - ұлт қайраткерін өте жақсы білетін адам. Оны жан-жүрегімен беріле зерттеп жүрген ғалым. Бұл басқосу жас ұрпақтың елі үшін, жері үшін бар өмірін сарп еткен қазақтың ардақты ұлдарын одан әрі тани түсуіне үлкен үлес қоспақ», - деді іс-шараны ұйымдастырушы, философия ғылымдарының кандидаты, профессор, ЕҰУ Ардагерлер кеңесінің төрағасы Күлзира Искакова іс-шараның мақсаты туралы.

Дөңгелек үстелде ұлтымыздың үш бәйтерегі -  Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығына орай олардың өмірі мен шығармашылығы, қайраткерлігі туралы талқыланды.   

«Алқа» радиосының директоры, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Серік Сейтман іс-шараның тізгінін ұстап, алғы сөзді «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Астана қалалық филиалының төрағасы Сансызбай Есіловке ұсынды.

«Жазушылар мен ақындардың қай қоғамда болмасын алатын орны ерекше. «Жазушы бір ұрпақты ғана емес, тұтас ұлтты тәрбиелейді» деген сөз дұрыс айтылса керек. Бүгінгі іс-шара қазақтың үш бәйтерегі атанған Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығына арналып өткізіліп отыр. Жастарды патриотимзге, адамгершілікке баулитын осындай шаралардың алдағы уақытта да көбірек өтуіне тілектестік білдіремін», - деді  Сансызбай Есілов.

Бұдан кейін баяндамашыларға кезек берілді. Сәкен Сейфуллин музейінің директоры, тарих ғылымдарының докторы, сәкентанушы Марат Әбсеметов «Сәкен Сейфуллиннің зерттелмеген қырлары мен беймәлім сырлары» тақырыбында сөйлеп, тақырыпқа орай тың деректерді көпке мәлім етті. Сондай-ақ Еуразия ұлттық университетінің тарих факультетінің деканы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Өмірбай Бекмағамбетов «Бейімбет Майлин – шындық, әділдік, адамгершілік үшін күрестің символы», осы университеті қазақ әдебиеті кафедрасы Phd докторанты Жауынбай Жылқыбайұлы «Дәуір данасы – Ілияс Жансүгіров: өмірі мен шығармашылығы», ілиястанушы Ілияс Рыспекұлы «Ғасырлар тоғысы және алыптардың белгісіз қырлары» тақырыптарында баяндама жасады.

Дөңгелек үстелде өзекті мәселелер одан әрі талқыланды.