Ұландықтар су тасқынына қарсы іс-шараларға белсенді қатысып жатыр


ІІМ Ұлттық ұланы көктемгі су тасқынының салдарын жоюға және оған қарсы іс-шараларды жүргізуге белсенді қатысып жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Петропавл қаласында «Орталық» өңірлік қолбасшылығының 6637 әскери бөлімінің 60-қа жуық әскери қызметшісі наурыз айының басынан бері Тепличное ауылына жұмылдырылды. Олар 7 000-нан астам құм салынған қаптарды дайындап, елді мекенді су тасқынынан қорғау үшін жасанды қоршаулар салды.
«Бұдан бөлек Қостанайда орналасқан 6697 әскери бөлімінің 100-ге жуық әскери қызметшісі Арқалық, Торғай аудандарындағы және Ақкөл ауылындағы су тасқынының салдарын жоюға көмектесіп жатыр. Олар қазірдің өзінде инертті материалдар салынған 10 000-нан астам қаппен судан қорғайтын тосқауылдар жасады»,- делінген хабарламада.
Сондай-ақ 5546 әскери бөлімінің 60 әскери қызметшісі және облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 34 маманы Қызылқоға ауданының Миялы ауылында жағалауды нығайту жұмыстарын үздіксіз жүргізіп жатыр. Негізгі міндет — өзеннің арнадан тасуын болдырмау және су басу қаупін барынша азайту.
Әскери қызметшілер мен ТЖМ қызметкерлері өзеннің тасуын болдырмау үшін аудан шетіндегі көпір бөгеттерін белсенді түрде нығайтып жатыр.
Жұмыс екі ауысыммен жүргізіледі: бір топ қаптарды құммен толтырса, екіншісі жағалау жиегін нығайтады. Қазіргі уақытта 6 500 қап толтырылып, су басудың алдын алу бойынша іс-шаралар жүргізілді. Барлық жұмыс жергілікті билік органдары мен құзыретті қызметтердің қатаң бақылауында.



