Елордада коммуналдық парк жаңа техникамен толықты
Бұл туралы Астана қаласы әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің Instagram парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Қаламыз өсіп, дамып келеді, жаңа шағын аудандар мен тұрғын кварталдар, әлеуметтік нысандар, көшелер мен көпірлер салынып жатыр. Тиісінше, коммуналдық қызметтерге де жүктеме артып келеді. Күнделікті оқиғалар ағымында олардың еңбегі байқала бермейді.
Алайда коммуналдық қызметкерлердің күнделікті еңбегінің арқасында қаламыз үнемі таза әрі көрікті болып тұрады. Елорданың континенталды климатына қарамастан, коммуналдық кәсіпорындардың қызметкерлері күндіз де, түнде де, кез келген ауа райында жұмыс істейді.
Біз өз тарапымыздан үнемі қолдау көрсетіп, еңбек жағдайларын жақсартуға тырысамыз: жүйелі негізде коммуналдық қызметтер паркін жаңартып тұрамыз, сыйақылар төленеді. Мәселен, қалаға «Астана Тазалық» ЖШС және «Астана-Зеленстрой» ЖШС үшін жаңа техника жеткізілді», - деп жазды Жеңіс Қасымбек.
Елорда әкімі келер жылдың басында аралас жол машиналары, қар тиегіштер жеткізілетінін айтты.
«Астана Тазалық» ЖШС-ға 2023-2024 жылдары сыпырғыш машиналар, аралас жол машиналары, шнекороторлар секілді арнайы техника жеткізілді. Келер жылдың басында аралас жол машиналары, қар тиегіштер және т.б. жеткізіледі. Биыл «Астана Зеленстрой» ЖШС автопаркіне 96 бірлік техника жеткізілді. Аталған шаралардың бәрі автопаркті жаңартуға, еңбек жағдайларын жақсартуға мүмкіндік береді. Коммуналдық қызмет мамандарына еңбегі үшін зор алғысымды білдіремін!»- деп жазды қала әкімі.