Ірі іс-шаралардың 80%-ы Астана және Алматыда өтті – Нұрбол Байжанов


Бұл туралы ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитетінің Туризм саласындағы жүйелі шараларды жүзеге асыру басқармасының басшысы Нұрбол Байжанов Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Іскерлік және оқиғалық туризмді дамыту» тақырыбындағы баспасөз конференциясында Нұрбол Байжанов елімізде оқиғалық және іскерлік туризмді дамытудың әлеуеті жоғары екенін айтты. Бұл бағытта қарқынды жұмыстар жүргізілуде.
Туризм және спорт министрлігі оқиғалық туризмді дамыту мақсатында Kazakhstan.travel ұлттық туристік порталы негізінде іс-шаралардың бірыңғай күнтізбесін әзірледі.
Осы күнтізбе негізінде өткен жылы 137 іс-шара жүзеге асырылып, оның 80%-ы Алматыда және Астанада өтті. Министрлік бұл іс-шараларды жергілікті билікпен бірлесе отыра әрі қарай жалғастыра бермек.
Өйткені бұл іс-шаралар жыл сайын қайталанатын, жұртшылық күтіп отыратындай болуы керек», - деді ол.
Спикер, елімізде оқиғалық туризммен қатар іскерлік туризмді дамытуға да көңіл бөлініп отырғанын айтты.
«Мәселен, конгрестер мен конференциялардың халықаралық қауымдастықтарымен тығыз ынтымақтастықта жұмыс жүргізілуде. Жыл сайын ірі іс-шараларды тарту үшін тиісті өтініштер жасалуда. Соңғы 3 жылда халықаралық деңгейде 21 іс-шара қабылданып, биыл оған қоса 5 ірі қосымша іс-шараны өткізу жоспарланды. Осылардың арқасында елімізде 5180 шетелдік делегаттың қатысуымен 14 халықаралық оқиға орын алды. Орта есеппен олардың әрқайсысы 4 мың АҚШ долларын жұмсаған. Ал жалпы түскен пайда 20,7 млн доллардан асқан», - деді Н.Байжанов.