Елорданы бір стильде безендіру қала бейнесінің үйлесімділігі мен тұтастығын сақтайды – елордалық урбанист
Жыл сайын елорда көшелерін жаңа жылдық безендіру шаралары жүргізіледі. Биыл бұл жұмысқа бюджеттен жалпы 700 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген. Елордада мерекелік безендіру жұмыстары қалай жүргізіледі? Барлық ауданның бір стильде безендірілуі міндетті ме? Elordainfo.kz тілшісінің осы және өзге де сұрақтарына қалалық Урбанистика орталығының басшысы Данияр Чиндалиев жауап берді.
Әкімдік ақпаратына сүйенсек, безендіру жұмыстарына қаражат қала аудандары арасында бөлінген. «Нұра» ауданына - 79 млн теңге, «Сарыарқа» ауданына - 110 млн теңге, «Алматы» және «Сарайшық» ауданына - 165 млн теңге, «Байқоңыр» ауданына - 158,8 млн теңге, «Есіл» ауданы - 183,9 млн теңге.
Қалалық урбанистика орталығы аудан әкімдіктерімен бірлесіп, қала көшелерін Жаңа жылға безендірудің тұжырымдамасын дайындады. Бұл тұжырымдама эстетикалық және функционалдық аспектілерді ескере отырып, әр ауданның ерекшелігін айқындап, қала кеңістігінің тұтастығы мен бірегейлігін сақтауды мақсат етеді.
Урбанистика орталығының басшысы Данияр Чиндалиевтің сөзінше, көшелерді безендіру әдістері қала кеңістігіндегі нақты локацияға байланысты.
«Биыл негізгі көшелердегі ағаштарға гирляндалар ілінді, алаңдар мен қоғамдық кеңістіктерде жыл символдары, жаңа жылдық кейіпкерлер, жазулар сияқты фигуралар орнатылды. Сондай-ақ жарықтандыру инсталляциялары мен мерекелік аркалар орналастырылды. Сонымен қатар мерекелік іс-шаралар өткізу үшін функционалдылықты қамтамасыз ету мақсатында сырғанақтар мен мұз айдындары орнатылды. Әрбір безендіру орны қала стиліне сәйкес таңдалады. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында біз қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлап, қала көшелерінде жайлы әрі әдемі атмосфера қалыптастыруға тырысамыз», - дейді орталық басшысы.
Безендіру орындары бірнеше факторларды ескере отырып таңдалады. Яғни бұл - қаладағы маңызды көшелер мен алаңдар, халық көп жиналатын жерлер, орталық аудандар және қаланың бірегейлігін көрсететін орындар. Урбанистер мен архитектура мамандары жаяу жүргіншілер үшін қолайлы жағдайды, қауіпсіздікті және кеңістіктің функционалдығын сақтауды да назарда ұстайды.
«Барлық қала бір стильде безендірілгені жөн, бұл қала бейнесінің үйлесімділігі мен тұтастығын сақтауға мүмкіндік береді. Түстер гаммасы мен үйлесімі келісілген болуы тиіс, осылайша безендіру элементтері визуалды диссонанс тудырмайды. Қала безендірілуі біркелкі жүргізіледі. Әр ауданда жаңа жылдық безендірумен ерекшеленетін орындар бар. Мәселен оң жағалауда бұл – орталық жағалау, қала алаңы, Қазақ Елі алаңы, Ататүрік саябағы және басқа да шағын локациялар», - дейді Данияр Чиндалиев.
Әдетте елорданы жаңа жылдық безендіру жұмыстары желтоқсан айының ортасынан басталады. Қалалық Урбанистика орталығы аудан әкімдіктерімен тығыз байланыста жұмыс істеп, ауданның жергілікті ерекшеліктері мен тұрғындардың ұсыныстарын ескеруге тырысады.
«Елорданы Жаңа жылға безендіру жұмыстары өзгеріп тұрады. Өзгерістердің негізгі себебі – әрқашан жаңа және ерекше нәрсе жасау арқылы қала тұрғындары мен қонақтарына бірегей атмосфера сыйлау ниеті.Безендірулер мен қажетті материалдарды сатып алу жұмысымен тікелей аудан әкімдіктері айналысады», - дейді орталық басшысы.
Осыдан екі-үш жыл бұрын бас шаһар көшелерінде мұздан ойылып жасалған түрлі ертегі мен мультфильм кейіпкерлері, Аяз ата мен Ақшақар мүсіндері қойылатын. Бүгінде қала көшелерінде ондай мүсіндер байқалмайды. Урбанист маманның сөзінше, мұзды мүсіндер ауа райына байланысты түрлі қиындықтарды тудырады.
«Мұзды фигуралар орнату және күту үшін арнайы жағдайларды талап етеді. Бұл әсіресе ауа райы өзгермелі болған кезде қосымша қиындықтар туындатуы мүмкін. Қазіргі таңда қала безендіруінде ауа райына тәуелсіз, пайдалану уақыты ұзаққа созылатын және тұрақты материалдарды пайдалану көбірек назарға алынып отыр. Мысалы, жарық инсталляциялары мен декоративті элементтерді жыл сайын түрлендіріп пайдалануға болады»,- деп түсіндірді Данияр Чиндалиев.